Úı Jańalyqtar Заңды білу – заман талабы: Қала тұрғындарының құқықтық сауатын арттыруға кімдер атсалысып...

Заңды білу – заман талабы: Қала тұрғындарының құқықтық сауатын арттыруға кімдер атсалысып жүр?

фото ШПД

 

Шымкент қаласында құқықтық сауаттылық тек заңгерлерге ғана керек дүние емес. Кез келген азаматтың өз құқығын біліп, заң аясында әрекет етуі – қоғамда бейбіт өмір мен әділдік орнатудың негізі. Осы бағытта қалада нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Оған Ішкі істер департаменті, Полиция және Әділет департаменттері жұмыла кірісіп, халықпен ашық, сенімді қарым-қатынас орната отырып, түсінікті тілде жұмыс істеп келеді.

Мәселен, Полиция департаменті «халықпен бірге, халық үшін» қағидатын алға тартып, түрлі түсіндіру акцияларын жиі өткізіп тұрады. Жақында ғана, 19-20 шілде күндері «Достық» шағынауданы мен «Арғымақ» базары маңында «Жолда қабылдау» атты ашық кездесу ұйымдастырылды. Бұл шарада тұрғындар өз сұрақтарын тікелей полиция өкілдеріне қойып, нақты жауап алды. Біреулер айыппұл мәселесін көтерсе, енді бірі көршімен болған дауды қалай шешуге болатынын сұрады. Қарапайым, бірақ өмірлік маңызды сұрақтар. Бұл – полицияның халықпен ашық диалог орнатуға деген нақты қадамы.

Сонымен қатар, полиция тек көшедегі тәртіппен ғана емес, интернеттегі қауіпсіздікпен де айналысып, ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, биыл «Hi-tech» жедел шарасы аясында мамандар 50-ден астам порнографиялық сайтты жапты және бірнеше онлайн алаяқтық оқиғаларын анықтап, тергеу жұмыстарын бастады. Бұл – балаларымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін аса маңызды жұмыс.

Ішкі істер департаменті де өз кезегінде қаланың ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Қызметкерлері тәулік бойы көшелерді қадағалап, құқық бұзушылықтарды алдын алуға тырысады. Олар тек қылмыскерлерді ұстаумен шектелмей, қоғамда сенім мен тәртіп орнатуға күш салады.

Ал Әділет департаменті халықтың құқықтық сауатын арттыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар «Әділет кеңес береді» деген атаумен ашық есік күндерін жиі ұйымдастырады. Сол күндері кез келген адам келіп, заңға қатысты сауалын қойып, тегін кеңес ала алады. Бұл әсіресе зейнеткерлер мен жастар үшін өте пайдалы. Заңды білген адам өз құқығын қорғай алады, ал оны білмеген адам – көбіне зардап шегіп жатады.

Шымкентте заңды түсіндіру жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты істермен жүзеге асып жатыр. Полиция – көшеде, интернетте қауіпсіздік үшін жұмыс істесе, Ішкі істер департаменті – тәртіп пен тұрақтылықты ұстап тұр. Әділет департаменті болса, халыққа заңды қарапайым тілмен түсіндіру арқылы сенімді орта қалыптастыруға күш салып келеді. Мұның бәрі – әділетті қоғам құрудың алғышарттары.

Жанна Құрманбекова