Сусамырдан зардап шегушілердің назарына! Облыстық эндокринологиялық диспансеріне осы науқастан қорғану үшін қолданылатын «Помпа» аппараты әкелінді. Құрылғы күніне 3-4 рет егілетін инсулин екпелерін алмастырады. Артықшылығы денені көп жарақаттамай, үш күнде бір рет ауыстырылады. Әрі ағзадағы қант көлемін бірқалыпты сақтап тұрады.
Айта өтейік, облысымызда бүгінгі таңда сусамырмен (қант диабеті) 126 бала науқастанады. Солардың 19-на заманауи құрылғы берілді. Бұл аспаптарды облыстық эндокринологиялық диспансерінің мамандары былтырғы бюджеттен артылған қаржыға алыпты. 2012 жылдың қазынасынан тағы осындай 35 «помпа» үлестірілу жоспарда бар көрінеді. Пилоттық жоба ретінде жасалған бағдарлама Қазақстанның өзге де қалаларында да жүзеге асырылуда. Ал аспап 15 жасқа дейінгі балаларға тегін беріледі.
Айжан МЫҢБАТЫРОВА: «Менің сусамырмен ауырғаныма 14 жыл болды. Бұрындары инсулин салғанда ине сұққан жер қанап кетіп, көгеретін. Енді бүгін «помпа» қойғанда оны тіпті, сезбедік те. Еш жеріміз қанамайды. Үш күн сайын ауыстырғанда аспаптың тек инесі мен катетерін ауыстырамыз. Ал шомылатын кезде қақпағын алуға болады. Одан шаршағанда екі сағатқа дейін өшіруге болады. Қан құрамындағы қант орташа деңгейде тұрады. Мәселен біздің түнде тұрып көп ішетін әдетіміз бар. Бұл соны да реттеуге көмектеседі».
2011 жылдың желтоқсанында облыстық эндокринологиялық диспансерінде «Помпа мектебі» ашылып, содан бері балаларға құрылғыны қалай қолданудың жолдары үйретілуде. Бүгінгі күні диспансерде осы аспаптың қыр-сырын меңгерген 5 қызметкер жұмыс істеуде.
Жаннат СЫЗДЫҚОВА, Облыстық эндокринологиялық диспансерінің балалар эндокринологі: «Помпа» — инсулиннің тері асты инфузиясы деген сөз. Демек, ұйқы безінің жұмысын қалыпқа келтіреді. Бірақ оған күнделікті қажетті глюкозаны баланың өзі салып отыруы керек. Мұынң бір жақсы жері балалар бұрын тәулігіне 4-5 мезгіл инсулин қабылдаушы еді. Енді мұны үш күнде бір рет ауыстырады. Бірақ балаларды аздап қадағаламаса болмайды. Себебі, кей жағдайда баланың қанындағы қант құрамы түсіп кетуі мүмкін. Әрі құрылғының тосыннан бұзылып қалған жағдайын ата-аналар білуі тиіс. Дегенмен, бір бөлігі істемей қалған жағдайда «помпаның» өзі дыбыс береді».
Мамандар бүкіл әлемді алаңдататын бұл науқастың біздің облыста да өсіп жатқанын өкінішпен айтады. Мәселен, осы дертпен былтыр 15 жасқа дейінгі 124 бала ауырса, биыл ол екі адамға көбейген.
Өңірімізге «помпа» қондырғысын ұсынушы компания құрылғының 15 жастан асқан сусамыр науқасына шалдыққандарға да сатылатынын айтады. Ал аспаптың құны 1 миллион теңгеге жуық. Ол үшін облыстық эндокринологиялық диспансеріне хабарласып, құрылғыны жеткізіп беруші компаниямен байланысуға болады.