Шымкентте «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы бойынша 12 қабатты тұрғын үй салынады. Бұл Елбасының биылғы жолдауында айтып, тапсырған міндеттемелеріне байланысты жасалып жатқан шара. Біздің шаһарда пилоттық жоба ретінде тұңғыш қолға алынған істі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ қаржыландырмақшы.
«Бұл соңғы жылдардағы дағдарысқа тап болып, тұралап қалған құрылыс компанияларына қолдау, демеу ретінде Үкіметтің жасап жатқан көмегі», — дейді жоба құрылысының іргесіне капсула салып, тұсауын кесуге келген «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев.
Шымшаһардың Т.Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысынан орын тепкен «Шаңырақ» деп аталмыш тұрғын үй кешені 608 пәтерден тұрады екен. Көлемі 50600 шаршы метрді қамтымақ. Ескеретін жәйт, бастамашылар бұл үйлерді әлеуметтік ахуалы орта санаттағы топтарға ұсынуда. Яғни, пәтердің 1 шаршы метрін ниет білдіргендер 144 мың теңгенің көлемінде сатып алуға мүмкіндігі бар. Ал пәтерлердің көлемі 35-120 шаршы метрге дейінгі аралықты қамтитын болады.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төрағасы: «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігіне айналатын Тұрғын ұй құрылысы бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» ел бойынша 3,5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 2013 жылы — 200 мың шаршы метр, 2014 жылы — 300 мың шаршы метр тұрғын үй және 2015 жылдан 2020 жылға дейін жыл сайын 500 мың шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланып отыр. Бұл жобаларды жеке меншік құрылыс салушылармен бірге іске асыруды пайымдап отырмыз. Бұл ретте біздің әріптестеріміздің ең төменгі үлесі жобаның жалпы құнының кемінде 20 пайызын құрауы тиіс».
Мамандардың түсіндіруінше, автотұрақпен қамтылған, кең әрі қолайлы пәтерлерге қол жеткізу үшін төмендегі үш шарттың бірін таңдауға тура келеді екен. Олар:
1). Пәтерлерді тікелей сатып алу арқылы (яғни, қалтаңыздың қалыңдығы мұнда басты рөлде);
2). «Тұрғынүйжинақбанкінің» салымшысы ретінде жеке шотқа ақша жинап, сатып алу;
3). «Самұрық-Қазынамен» келісім-шартқа отырып, ұзақ мерзімге (15 жылға дейін) жалға алып, сатып алуға болатын көрінеді.
Нұрлан НҰРҒАЛИЕВ, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ басқарма бастығының орынбасары: «Пәтердің әр шаршы метрін сатып алу құны 144 мың теңге дегенде кейбір адамдар сескеніп қалуы мүмкін. Мәселен, 100 шаршы метрді есептесе жылына 144 мың АҚШ доллары төңірегінде ғой. Ал оны біздің бағдарлама арқылы 15 жылға келісімге отырып, жалға алып, сатып алатын болса, бір-екі бөлмелі пәтер үшін айына 40-50 теңгенің төңірегінде ақша салып тұруға болады. Мұндағы бір жеңілдік, бұрын Ипотекалық несие кезінде жалпы соманың кем дегенде 20-30 пайызын банкке алдын-ала салу керек болатын. Ал мұнда алдын-ала төлемсіз келісім жасап, ақшасын төлей алады. Жалға алып отырғандағы төлеген ақшасы — пәтерінің қарызы үшін беріп жатқан ақшасы болып саналады».
Қаперде ұстайтын тағы бір шарттың бірі — пәтер сатып алуға ниеттенген азаматтың соңғы бес жылда өз атына жазылған баспанасы болмауы шарт екенін айтып өтті Н.Нұрғалиев журналистерге берген сұқбатында.
Пилоттық жобаның Шымкенттен бастау алуының себебін, Астанадан келген қонақтар, біздің қалада халық санының көптігімен түсіндіреді. Мәселен, қалада бүгінгі күні баспана кезегінде 7 мың отбасы тұр. Мұны адам басына шақсаңыз 30 мыңнан асып жығылады екен. Әрі Оңтүстіктің ауа-райы ерте жылытатынына байланысты қолайлы сәтті ұтымды пайдалануды ойлапты Елордадағы шенеуніктер. Негізінен екі кезеңмен салынатын «Шаңырақ» тұрғын үй кешені секілді көпқабатты үйлердің саны Шымкентте болашақта 73-ті құрамақ екен. Ол баспаналар «Нұрсәт» шағынауданы маңынан салынатын әкімшілік ғимаратының жанынан бой көтермек көрінеді.
Шымкентті Қазақстан бойынша үшінші қалаға айналдыру үшін жасалып жатқан тұрғын үй жобасының 70 пайызы ашық нарықта таза сатылымға шығарылып, 30 пайызы жалға берілетін пәтерлер санатында салынатын болып шешілген. Қарапайым нарық бағасынан 20-25 пайызға арзан салынып жатқан баспаналарды салуға жеке меншік компаниялар тартылып жатыр. Осы арқылы мемлекет пен жеке серіктестіктің арасындағы ынтымақты нығайту көзделіп отыр.
Серік НОКИН, ҚР Тұрғын үй коммуналды шаруашылық және құрылыс істері жөніндегі агенттіктің төрағасы: «Бұл жобаның жас отбасыларға арналған бір бағыты да бар. Оның өңірлердегі шаршы метрінің құны 90 теңгеден босатылады. Ол үшін жас жұбайлардың жасы 29-дан аспауы және отбасы болғандарына кем дегенде 2 жыл толуы тиіс. Һәм бір қалада өмір сүрулері қажет. Осылайша, үй салынып болғасын отбасы оған кіріп, «Тұрғынүйжинақбанкінен» есепшот ашып, 8,5 жылдай ақша жинайды. Белгілі соманың жарымын жинағаннан соң, олардың пәтерді сатып алуына мүмкіндігі бар. Ал бұлай жасай алмаса, 4 пайызбен несие алып тағы да 15 жыл қарызының орнын толтыратын болады. Бұл үшін 23 жылдан аса уақыт кетеді».
Қазіргі күні «Шаңырақтың» іргетасын қалау үшін 60-тан аса техника жұмылдырылуда. Жергілікті жерден тартылған жұмысшылар бүгінде кешеннің жерасты қабатын дайындап жатыр. Екі кезеңнен тұратын құрылыста негізінен 11 блок көп қабатты үй болмақ. Оның 4-уі 2013 жылдың қарашасына дейін салынып бітсе, екінші кезеңде қалған ғимараттар бой көтереді. Ал жұмыстарды атқаруға 300-400-дей жұмысшы тартылуда.
Нұржан ҚҰРМАНБЕКОВ, «Конгруп» тобының директорлар кеңесінің төрағасы: «Құрылыс алаңына арналған нысан геологиясы нашарлау болып шықты. Яғни, екінші санатқа жататын жер бедері болып саналады. Осыған байланысты бүгінгі күні жұмысшыларымыз жерді 18 метрге дейін қазып, іргетасты бекемдеп алып барып, мықтап құймақшы. Ал үйлерге қолданылып жатқан құрылыс материалдары өзімізден шығуда. Цементті жергілікті цемент зауытынан алуға келісім жасадық. Өзге де материалдар өзіміздің Отандық зауыттардан алынуда».