Үй құламай тұрғанда…

Шымкенттегі тағы бір үй жақында апатты деп саналуы мүмкін. Үнемі су толып тұратын жертөле мен тұрғындардың салғырттығы осыған әкеле жатыр. Нәтижесі – үйдің блоктарының бірі сырғып кеткен. Қазір 90 пәтерлі бес қабатты үй шатырдан жерге дейін екіге бөлініп тұр.

Шытырман оқиғаларға қызығатын жандарға 3-шағынаудандағы №3 үйді нұсқауға болады. Жағымсыз иіс, өрмекшілер торы, төменге қарай салбырап, тот басып тұрған құбырлар – мұның барлығы су басқан жертөленің басты белгілері.

Үй төрайымы Галина Семикина: — Үйдің басты проблемасы – өз мүліктеріне жандары ашымайтын адамдардың кінәсі. Бұл үйдегі пәтерлердің жартысы жалға беріледі. Жертөлелерді жөндеу, инженерлік жүйелерді қалпына келтіру жайында сөз бола қалса, жалға берілетін пәтерлердің иелері өздерінің пәтерлерінің жағдайы жақсы деп, тайқып шыға келеді – дейді. Ал жертөледегі су ең қауіпті деңгейге жеткен кезде үй төрайымы өрт сөндірушілерден көмек сұрауға мәжбүр болған.

— Мен екі үйге – 3-ші және 4-ші үйлердің төрайымымын. Төртінші үйдің тұрғындары өз баспаналарына бейжай қарай алмайды, ал үшінші үйдегілерге бәрібір. «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі бізге өздерімен келісімшарт жасауды ұсынып еді, 4-үйдің тұрғындары бірден келісті. Төлемнің көлемі үлкен емес, әр пәтерден айына небәрі 105 теңге ғана, есесіне біздің жертөлеміздегі таза су мен ағын су құбырларын ауыстырып берді. Қазір жертөлеміз құрғақ, ішіне кіруге де қорықпайсың. Мұнда біз аула сыпырушылардың бөлмесін ұйымдастырдық. Ешқандай проблема жоқ.

Енді 3-ші үйді қайтсек екен? Салық басқармасына шағым жасауға тура келер. Себебі, жалға берілетін пәтер иелерінің кесірінен қалған тұрғындар зардап шегуде. Осы үйдегі пәтерлері жалғыз баспанасы болып табылатындар қайтпек? Мынадай халдегі үй ерте ме, кеш пе қирайтыны анық. Сонда олар қайда барады?

Биік үйлер секторындағы бірінші учаскенің инженері Әсет Батталов та адамдардың өз үйлеріне деген салақтығын айтады:

— Біздің учаскеде тәуліктеп жалға берілетін пәтерлері бар үйлер кездеседі. Дегенмен, сол пәтерлердің иелерімен жұмыс жасау біршама оңай. Ал пәтерлерді жалға алушылар ше? Оларға су беруді тоқтатсаң, басқа жаққа көшіп кете салады. Біздің кәсіпорында суға толы жертөлелердің мәселелерін шешу жөніндегі өз бағдарламасы болды. Біз тұрғындарға сол жертөлелерді құрғатып, қажет болған жағдайда инженерлік коммуникация жүйелерін алмастыруды ұсындық. Мұның құны – айына 105 теңге. Бірақ, барлығы бірдей бізбен келісімшарт жасасқан жоқ.

Ал №3 үйге келер болсақ, біздің қолымызда санитарлық-эпидемиялық қадағалау басқармасының тұжырымдамасы бар. Оған сәйкес біз егер үйдегі коммуналдық қызмет жүйесі тозған және қызмет ету мерзімі 15 жылдан асып кеткен жағдайда үйге су беруді тоқтата аламыз. Бірақ, біз әзірше бұлай жасаған жоқпыз. Себебі, жалға берілетін пәтер иелерінің кесірінен қалған тұрғындар зардап шекпеулері тиіс. Алайда, үйдің қалай қирайтынына да қарап отыра алмаймыз.

Сондықтан, біз үй төрағаларымен бірлесе отырып, ары қарай не істеу керегін ақылдасамыз. Мүмкін, салық органдарына шағым жасайтын болармыз. Қаламызда ТҮКШ жаңарту бағдарламасы екінші жыл жұмыс істеп келеді. 3-шағынаудандағы 4-үй шұғыл көмекті, толық жөндеуді қажет етеді. Ал жөндеу жұмыстарын мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінетін қаражатқа жүргізуге болады. Жеке үйдегі секілді, мұнда да құрылысшыларды күндізтүні бақылап, жұмыстың сапалы болуын қадағалап отыру керегі белгілі. Бірақ, тұрғындар осы мүмкіндіктерді пайдалана ала ма немесе үйдің құлағанын күтіп отыра бере ме?