«Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра» деп жырлаған халқымыз осынау аспапты ерекше қастерлеп, үкі тағып, төріне іліп қойған. Арғы тарихымызда қазақпен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қара домбыраға тіл бітіріп, құстың сайрағаны мен Тайбурылдың шабысын дарытып, жүректі елжіретіп, көңіліңді тербетіп, күй тартқызған өнерпаздар көп болған. Қазір де жоқ емес. Ал осы саз аспабын ұлттық нақышымыздың айғағындай оюлармен өрнектеп, көркемдеп жасайтын хас шеберлер де халық арасында кездесіп отырған.
Солардың бірі кәсібім-нәсібім дейтін шебер Молдабек аға. Ол 15 жылдан бері домбыра жасаумен айналысып келеді. Алғашында Қызылорда өңірінде бастаған ісін Шымкент қаласына келіп жалғастырған аға бүгінде бауырларын жанына жинап, шағын ғана шеберхана ашқан. Аядай ғана бөлме демесең, іші толған кепкен ағаштар мен домбыра жасауға қажетті темір жабдықтар. Жастарды өнерге баулып, домбыра жасауды үйрететін шебердің білген-түйгені аз емес.
«Домбыраны кез келген текстурасы әдемі қатты ағаштан жасауға болады. Ал дауысы оның бет тақтайынына байланысты болады. Біз оның қалыңдығын, ішіндегі екі тақтайшасын, серіппені жұқарту арқылы дыбысын шығарамыз. Ал бет тақтайын тек шырша немесе қарағайдан жасаймыз. Суық жерде өсетін қарағайлардан жасалған домбыраның дауысы жақсы шығады»,-деп ойымен бөлісті шебер.
Жас шебердің бірі Бағдәулет домбыра жасауға алғаш рет осыдан екі жыл бұрын кірісіпті. Кішкентайынан осы іспен айналысатын атасының тәлім-тәрбиесін көріп өскен. Сөйтіп жүріп, өзіне алғаш рет қауақтан домбыра жасап алады. Қызығушылықпен басталған ісі кәсібіне саналып, бүгінде домбыра жасау оның сүйікті ісіне айналған.
«Бірінші домбыраның мойын ағашын жасау керек. Оны қарағайдан дайындаймыз. Қатты ағашты станоктың көмегімен жалпақ етіп бөліп аламыз да, белгілі бір қалыпқа салып иеміз. Кептірген соң жапырақшаларын желімдеп құрастырамыз. Бір домбыра гүлдің жапырағына ұқсаған 6-7 жапырақшадан тұрады. Егер домбыраның қалпы болмаса, оны жасау қиындық туғызады»,- деді жұмысымен таныстырған Бақдәулет.
Ал домбыраның мойын ағашын, шанағы мен басын, беттақтайын жасау 25 жастағы Майор Сәдібековтың еншісінде. Мойынағашты жұқартып, бір қалыпқа келтіретін ол бір емес, бірнеше домбыра жасауға бірден кіріседі. Бұл — шеберлердің жұмысын жеңілдетіп, тапсырыстарды ертерек орындауына септігін тигізеді екен.
5-6 жылдан бері осы іспен айналысатын Майор адамдардың қалауы бойынша ұлттық нақышты да домбыраның бетіне өрнектей алады. Бірақ жұмыстың үнемі сәтті шықпайтыны белгілі. Мұндай сәттерде шеберханада қонып та қалатын сәттеріміз болады дейді ол.
«Кейде жұмысың сәтті шығып жатса, қайта шабыттанып, сол түні бітіруге тырысасың. Кейде шеберханада қонып қаламыз. Егер ойдағыдай шықпай, бояуы ағып немесе желімі ажырап жатса, дауысы дұрыс шықпай жатса, қайта жасауға тура келеді. Сондықтан домбыра жасау — оңай емес», — дейді жас шебер.
Мұнда қазақтың ұлттық аспаптары: домбыра, прима қобыз, қыл қобыздан басқа да күнделікті өмірде жиі қолдана бермейтін аспаптарды кездестіруге болады. Соның бірі тайтұяқ. Аттық тұяғынан жасалатындықтан осылай аталған. Дегенмен, қазір шеберлер тұяқтың орнына ағаш қолданатын болыпты.
4 ұл қызы бар бақытты әке өз ісін жақсы көреді. Жұмысыңа деген сүйіспеншілік болмаса, еткен еңбектің жемісін көру неғайбыл дейді Молдабек аға. Әрі жаман ойлардан арылуға да көмегі көп.
Қазірде ұлттық аспапты асылына бағалап, сыйға тартушылардың да қатары көбейген. Музыкалық мектептер де тапсырыс береді. Сондықтан бір аптада қолөнер иелері 10-15-ке жуық домбыра жасап шығарады екен.
Ал қолөнершілер домбыраны жасай білу үшін оны тарта да білу керек деп санайды. Сондықтан шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін кәсіппен айналысып қана қоймай, қоңыр үнімен адамды баурап алатын наз дауысын сағынғанда, бір шертіп алады. Молдабек ағаның шәкірттері тілшілерге бір сәт күй де орындап берді.
Көне өнердің өріс жаюяны үлес қосып жүрген азамат одан әрі де шәкірт тәрбиелеуді жалғастыра бермек.