Шымкент қалалық жұмыспен қамту мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры «пара алды» деген айыппен қаржы полициясы қызметкерлерінің қолына түсті. 36 жастағы директор өзінің орынбасары арқылы осы мекеменің қызметкерінен 1000 АҚШ долларын талап еткен. Есесіне, қызметкерді бөлім инспекторы етіп тағайындамақ екен. Осылайша оңай олжаға кенелмек болған кәсіпорын директорының ойы іске аспай, бүгінде үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Мекемелер бірікті
ОҚО әкімі А. Мырзахметовтың үстіміздегі жылғы наурыздың 5-і күнгі №77 Қаулысы негізінде облыстағы «Балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік сауықтыру орталығы» мемлекеттік мекемесі мен «ОҚО кәмелетке толғандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесі қосылу жолымен ОҚО білім басқармасына қарасты «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меншігіне өтіп, қайта құрылды.
Осы мақсатта облыстық білім басқармасының бастығы А. Елшиева заңда белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылмақ мемлекеттік мекеменің барлық қажетті шараларын қабылдауға кірісті.