Бадам ауыл округі мен Чапаевка елдімекенін қосатын аяқжол көпірді қайта салу жұмысы аяқталды. Қарым-қатынасы қиындаған көпшілік көпірді жөндеу туралы бірнеше жылдан бері жергілікті биліктен сұранып келген. Биылғы сайлау кезінде де депутат болуға ниетті азаматтарға да қолқа салып та көрді. Нәтиже болмағандықтан қала әкімінің жылдық есебінде мәселе екі мәрте көтерілді. Соңғысы бұл құрылысты облыс әкімінің тапсырмасымен қала әкімдігі бюджет есебінен атқарды.
Соңғы бірнеше жылдан бері Бадам ауыл округіне қатынау осындағы тұрғындар үшін қиынға соқты. Онсызда ескі көпірді су шайып, Чапаевка елдімекеніндегі 17 мың және Бадамдық 7 мың тұрғындардың қарым-қатынасы ажырай бастады.
Іргетасы 60 жылдары қаланған көпірдің пайдалануға жарамай қалғанына 25 жыл болған. 10 жылдан бері көпшіліктің арыздарын алып бармаған жері қалмаған. Тек соңғы мұңдары жергілікті биліктің құлағына жетіп, қала әкімдігінің тапсырмасымен 20 күнде жаңа көпір салынды. Қолданысқа берілген көпірді сынақтан өткізген ауыл халқының алғысы шексіз.
Бадам өзенінің арнасы ауыстырылып қарқынды жүргізілген құрылысқа 15 жұмысшы 7 техника жұмылдырылған. Мердігер «ЛТД тұрмыс» ЖШС-гі осыдан екі жыл бұрын Химфарм және Бадам елді-мекендерін қосатын аспалы көпірге күрделі жөндеу жұмысын жүргізген болатын. Бұл жолғы өткел де сапалы болады дейді мердігерлер.
Чапаевка елдімекеніне қоныстарған тұрғындардың және бір өтініштері бар. Ол қаланы қосатын темір жолдың үстіндегі көпірді кеңейту. Соңғы кезде қаладағы көлік санының өсуіне байланысты көпір үсті тығынға айналды. Бұл мәселемен облыс басшысы да хабардар. Асқар Мырзахметов қала халқымен кездесуінде өтініштің аяқсыз қалмайтындығына уәдесін берген болатын.