Дөрекі жүргізушілер мен кондукторлардың әрекеті шектен шығып барады

350

Дөрекі жүргізушілер мен кондукторлардың әрекеті шектен шығып барады. Арнамыздың сайтына оқырман қауымнан осындай хабарламалар келіп түсті. Аялдамаға тоқтамастан, кез-келген жерде жарыса жүйткитін жағдайды көрермен жиі қозғайды.

Жалпы Шымкентте қоғамдық көліктің қай-қайсы болсын, қауіпсіздік талаптарын сақтау былай тұрсын, қарапайым мәдениеттіліктің өзін білмейді деп жазған. Осы жайлы айтылып жүргені аздай, енді жол ортасында жолаушыны соққыға жығатын жағдайы орын алып отыр.

7-наурыз күні таңертеңгісін №71 бағыттағы шағын автобусқа отырған жолаушылардың бірі осындай келеңсіз жәйтке тап болды.

Динара Ауылбекова күйеуімен сол күні жұмысқа бет алған. Олар әдеттегідей жарты сағат сайын қатынайтын 71-ші шағын автобусқа жайғасады. Жолаушылар тасымалдайтын көліктер аялдамаларға тоқтауға тиісті болғанымен, кейбірінің кондукторлары түсетін жерді алдын-ала хабарлауды өтінеді. Алайда бұл жолы ескерткенімен, жүргізуші Самал аялдамасынан автобустың алдыңғы есігінен жолаушыларды отырғызып, екінші есікті ашпай жүре берген.

Динара Әуелбекова, жолаушы: «Автобустың жартысынан көбі тоқта дегенімен өтіп кете берді. Мүмкін естімеген болар. Күйеуім ашуланып есікті ұрған. Содан автобус жүргізушісі көлікті тоқатып, салондағы күйеуімді жағасынан алып, оны сыртқа итеріп жіберді. Онысы аздай лас жерге құлатып жіберіп, соққының астына алды. Оған кондукторы келіп жабылды».

Автобустың жүргізушісі мен кондукторының дөрекі әрекетін кешірер ме еді, егерде оқиғаның салдарынан Динара түсік тастамағанда. Ашынған отбасы қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміне арызданып барады. Заңға сәйкес мұндағылар 15 күн шағымға қатысты жауап беруі керек.

Ерсейіт Бұхарбаев: «Мұндай оқиғалар жолаушылар көліктерінде жиі орын алып жатады. Бүгінгі таңда осы орын алған жағдайға қатысты қызметтік зерттеу жүргізіп жатыр. 71-ші бағыттағы шағын автобустың жүргізушісі осында шақырылды. Бірақ ол әлі келмеді. Осы бағыт бойынша қызмет көрсететін компанияда жағдайдан хабардар».

71-бағыттағы шағын автобус «Нұр» ЖШС-не тиесілі. Мекеме диспечерінің айтуынша мұндай жәйтке қатысты бұған дейін шағым түспеген.

«Нұр» ЖШС-нің диспечері: «Егерде жүргізуішіміздің жасағаны расталса, жұмыстан ол сол күні қуылады. Қазір бұл жәйт қызметтік тәртіпте қаралып жатыр».

Жолаушылар тасымалдайтын көліктерде мұндай жағдайлар жиі орын алатыны жасырын емес. Кейде екі тараптан да қателік кетіп жатады. Алайда дөрекілікке бой беріп, жаға жыртысуға дейін апармай, қос жақ ымыраға келсе өзгенің де өзінің де көңілін бұзбас еді. Ал келеңсіз жағдайға тап болсаңыз автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміне 53-97-60 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.