Дiңгегi дiнде жатқан Ұлыс тойы

egemen.kz_алынды

Наурыздың бiрiншi күнi күн мен түн теңесiп, Жаңа жыл келедi. Бұл — қазақ халқы үшiн орны бөлек мереке. Оны жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз «Ұлыстың ұлы күнi» деп ерекше құрметтейдi.

Наурыздың соңғы аптасында өкпек жел соғып, қар күрт ерiп, жер лайсаң болып, жолдар бұзылады. Мұны ел аласапыран дейдi. Бұл мерекеге орай көптеген ұлттық дәстүрлер де қалыптасқан. Мысалы «Наурыз бата», «Наурыз жұмбақ», т.б. Осы айда әдемi қиыршық қар түседi, оны наурызша дейдi.

Шығыстық данышпандар Махмұт Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Ә.Фердоуси, Ә.Науаи, О.Хаямнан бастап, қазақтың Абай, Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Сәкен сынды ғұламалары да наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, жақсы сөздер жазып қалдырған. Наурыз шығыс елдерi үшiн — бiрлiктiң, татулықтың, еңбектiң, көктемнiң, iзгiлiктiң, бақыттың мерекесi ретiнде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күнi шаттанбайтын, қуанбайтын, мейiрленбейтiн адам болмаған. Бұл күнi жақсы тiлек тiлеу, құттықтау, кешiрiм жасау, табысу сияқты адамгершiлiк қасиеттер көрiнiс тауып, кейiнгi ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгi алған. 

Наурыз Ислам мәдениетiмен үндеседi

Ендi Наурыздың дiни тұрғыдағы орны қандай деген мәселеге келейiк. Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар кездесiп жатады. Ханафийа мазхабының шарттарымен Наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнаркөзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады. Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi Наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесiн от жағып қарсы алу рәсiмi үрдiстен әлдеқашан шығарылып тасталған. Тiптi, Наурыз мерекесi ислам мәдениетiмен толықтай үндестiк табады деуге де болады. Мәселен, Наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұм қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да Наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни,  қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.

 Ағаш отырғызудың сауабы мол

Қазақ Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасаған. Дана халқымыз жыл басында ағаш отырғызып, бұлақтың көзiн ашқан. Бұл — Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып өткен. Хадисте: «Қиямет қайым басталған кезде кiмнiң қолында бiр құрма ағашының көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет болмастан бұрын отырғызуға күшi жетсе дереу отырғызып үлгерсiн».

«Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi».

«Бiр адам бiр ағаш отырғызса, амал дәптерiне отырғызған ағашының жемiсiндей сауап жазылады» — деген. Сондықтан, Наурыз күндерi ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырудың сауабы өте мол.

Iшiмдiкке жол берiлмеуi қажет

Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән мен дәм тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, Наурызда iшiмдiкке жол берiлмеуге тиiс. Бүгiнде кейбiр Наурыз тойларында iшiмдiкке жол берiлiп жататынын көрiп қаламыз. «Арақтан сақтаныңдар, ол барлық жамандықтың кiлтi» делiнген Құран Кәрiмде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм.

Мұхамеджан қажы

Естемiров,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының ОҚО бойынша

өкiл имамының орынбасары,магистр.