«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға еліміз бойынша 62,3 млрд. теңге қарастырылған. Былтыр осы бағдарлама аясында оңтүстікте 24 168 адам екі қолға бір күректен ұстады. Бұл мақсатқа сол кезде 9,5 млрд. теңгеден аса қаржы жұмсалып еді.
Мұхит ӘЛІ, Облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының бастығы: «Кәсіби оқыту және жұмыспен қамту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша шамамен 13,5 мың адам тартылды. Бұл мақсатта 3 млрд.тай теңге жұмсалды. «Жастар практикасына» 5 мыңнан аса студент қатысты. Бюджет жастар жұмысын жандандыру үшін 931 млн. теңге қаржы құйды».
Биыл «Жұмыспен қамту-2020» жобасына өзгерістер енді. Бағдарламаның бірінші бағытына кіретін азаматтарды оқыту мен жұмысқа тұрғызу ісіне енді білім ала отырып ана болуға, бала күтуге және өндірістегі жұмыстан ажырамай білім ала беруге болатын қосымшалар енді.
Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы: «Тізімде тұрған жұмыссыздарды біздер оқытып, қажетті орнына жұмысқа тұрғызуымыз керек. Егер де оқытудан өткен азамат ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда біздер ол үшін шығарылған шығынды қайтаруымыз қажет. Арнайы келісім-шартта осы жәйттердің бәрі қаралуға тиіс».
«Жастар практикасы» осы жылы да жалғасын табады. Оның іске асуы үшін Қазақстанда 2,7 млрд. теңге қарастырылып қойылған. Бұл жоба 15 мыңға дейінгі жас маманды жұмыспен қамтиды. Мұнан бөлек, Атырау мен Өскемен, Екібастұз және Шымкентте жастарды жұмысқа дайындауға арналған оқыту да жоспарда бар. Бағдарламаның үшінші бағыты еңбек ресурстарын көтеруге һәм өзге облыстарға жіберуге арналған.
Бұрынырақта еңбек миграциясы үшін жалдамалы баспана тек облыс төңірегінде ғана берілетін. «Енді, — дейді Тамар Дүйсенова, — бағдарламаға қатысушылар үшін арнайы әлеуметтік пакет бар. Жұмыспен қамтылуға ниеттенген әрбір азамат үшін жөлкіре мен тамаққа және оқу үшін материалдық көмек ретінде шығындары өтеледі».
2013 жылдан бастап, қысқа мерзімді оқыту ұйымының сауалдарына жауап беру Жұмыспен қамту орталығына жүктеледі. Ал осы жылы Қазақстанда бағдарлама аясында 200 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.