Тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын алған кәсіпкерлерді өртке қарсы күрес қызметінің мамандары тексере алады ма? Осы сауалдың көтерілгеніне бірнеше уақыт өтті.
Өртке қарсы күрес қызметінің өкілдері кезкелген мекемені белгіленген уақытта жоспарлы тексеру заңды дейді. Ал тәуелсіз сарапшылыр «біздің қорытындыны алғаннан кейін кәсіпкерлерді ешкім тексере алмайды» деп жарнама жасаған көрінеді.
2010 жылдан бастап өрт қауіпсіздік саласындағы қатерлер тәуелсіз сарапшылардың құзырына берілген. Заңдағы осы өзгерістерге байланысты тәуелсіз бағалаушылар кәсіпкерге қорытынды береді. Ол үш жылға жарамды, осы тұста туындаған сауал бар. Үш жыл мерзім ішінде өртке қарсы күрес қызметінің мамандары кәсіпорынға қалай тексеру жүргізеді?
Өрт қауіпсіздік қызметінде кәсіпорындар деңгейіне қарай үш топқа бөлінеді. Соған сәйкес өрт сөндіру қызметінің инспекторлары жоғарғы топты жылына бір мәрте, орта топты 3 жылда, шағын топты 5 жылда бір рет жоспарлы түрде тексеруге құқылы. Алайда, тәуелсіз сарапшылардан үш жылға жарамды қорытынды алған. Кәсіпкерлер көбіне мамандарды мекеме маңына жібермеуге тырысады.
Шымкент қаласында 2000 астам кәсіпкер тіркелген. Тек осы кәсіпкерлердің қанша пайызы тәуелсіз бағалаушылардың қорытындысын алғанын ешкім білмейді. Заң бойынша оларға қорытынды берген тәуелсіз сарапшылар 5 күн ішінде өртке қарсы күрес қызметіне ақпарат беруі тиіс. Ал Шымкент қаласы бойынша өрт қауіпсіздік саласындағы қатерлерді бағалауда тек үш мекемеге лицензия берілген.