Су тасқынынан зардап шеккен аудандарға көмек беру қайырымдылық шарасы жалғасын табуда. Бүгін мешіт өкілдері де көмек қолын созды. Киім кешекпен-азық түлік, төсеніш кілемдер кәсіподақ ұйымына ағылып келуде. Тіпті осы мақсатта арнайы ашылған есепшотқа түсіп жатқан қаржының көлемі де ауыз толтырып айтуға жақындапты.
Ауқымды игі шараны бүгін облыс мешіттері арасында өткен «Мейір» акциясы жалғады. Ауыл, аудандармен қаладағы барлық мешіттің қызметкерлерімен сәждеге бас ұрған жамағат 1 млн. 6 жүз 83 мың теңге көлемінде ақша жинап арнайы есепшотқа аударған.
Бейбіт Мырзагелдиев, ОҚО бас имамы: «Мешіттерден 100-ден астам кілем және бірнеше палас соның ішінде бірнеше қап киім кешектер және азық түліктерменен өзіміз шама шарқымыз жеткенше сол мұсылман бауырларымызға үлкен бір осындай қиын қыстау жағдайда бір демеу болсын деген ойменен ОҚО мұсылман жамағаты осындай бір ізқы ықыластарын білдірді».
Өңіріміздегі 800 ден астам мешіттің дін қызметкерлері мен тізе бүккен жамағаты ұсынған ізгі берешекті енді облыстық кәсіподақ ұйымы тарыққандарға таратады.
Досыбай Шерімқұлов, Облыстық Кәсіподақ ұйымының төрағасы: «Облыстық мешіттен қазір ғана мына алып келген заттарды Ордабасы ауданына жіберейін деп отырмыз. Себебі мына облыстағы ең көп зардап шеккен Ордабасы ауданы болып отыр. Көптеген үйлер құлаған. Халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында мына заттың барлығын жіберейін деп отырмыз. Осы зардап шеккен азаматтарға жәрдем беріп жатқан бүкіл халыққа рахмет айтқымыз келіп отыр».
Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысымен қайырымды жандардан жиналған қаражат 16 млн теңгеге жеткен. Қазір кәсіподақ жанынан құрылған арнайы комиссия жұттың жұртқа келтірген залалы мен зардабын есептеуде. Бұйыртса соған қарай жиналған сомманы ептеп үлестіріп бермек.