Мешітті атақ үшін саламыз ба?

1245

Еліміз бойынша 2300-ден аса мешіттің 700-ге жуығы біздің өңірге тиесілі екен. Соңғы сәулет үлгісімен салынған жаңа мешіттер ай санап, ел игілігіне берілуде. Алайда, мешітті атақ-абырой үшін салдыратын қалталы азаматтарды да көріп жүрміз. Жалпы, мешіт салуға қалай рұқсат беріледі? Оған қандай ниетпен кіріскен жөн? Қандай ақшаға салынуы керек?

Дініміздің іргесін бекіндіре бастағалы шаһарлар мен ауыл-аймақтарда, елді-мекендерде көк күмбезі көзіңді шағылыстырар әсем мешіттер бой түзеді. Рас, қалтасы қалың кәсіпкерлердің, несібесі мол пенделердің қаржысын босқа ысырап еткенше, құлшылық үйін тұрғызып берсе, мол сауапқа кенелері хақ. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Аллаһ Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды»,- дейді. Рас, халқымыздың мұсылмандық парызын өтеуге, жастарды имандылыққа тәрбиелеуде мешіттің орны ерекше. Мешіт — Алланың жердегі үйі. Құлшылық орны. Мешіт салу — аса сауапты іс. Адамның жақсы ізгі істерінің сауабы осы өмірден өткеннен кейін тоқтайды. Ал, кімде-кім мешіт салдырған болса, онда оның өмірден өткенінен кейін де сауабы жалғаса береді. Бұл — жария садақаға жатады.

Дегенмен, соңғы уақыттары мешіт құрылысына байланысты түрлі келеңсіз жағдайлар орын алуда. Рұқсатсыз құрылыстарды айтпағанда, жегіқұрттай жайлаған жемқорлық мәселесі, сауап үшін емес, атақ-абыройды көксегендердің іс-әрекеті жанымызды жабырқатады.

Мәселен, Ақмола облысында құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған мешіттің төңірегінде дау туындаған. Мәселенің байыбына барсақ, миллиондаған қаржы құйылып, жергілікті қорлардан жылу жиналып жатса да, құрылыс аяқталмапты. Жергілікті биліктің айтуынша, мешіт құрылысына бөлінген қаражат қоры таусылған. Оған қоса, астаналықтар іргелі мешіттің еңсесі биік болсын деп 61 миллион 210 мың теңге қаражат құйыпты. Степногорск қаласындағы іргелі зауыт­тар мен өндіріс орындары да қайыр­лы істен бас тартпай, 67 миллион 162 мың теңгені қайырымды іске арнаған. Алайда үш жылдың жүзі болса да, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде әлі тұрған көрінеді.

Ал қаңтардың 15-і күні Астанада салынып жатқан «Ха­зірет Сұлтан» мешітінен өрт шығып, жұрттың дүрлігіп қалғаны есімізде. 10 мың орынды, үш қабатты, Елбасымыздың өзі Орта Азиядағы ең үлкен мешіт деп баға берген нысанның 800 шаршы метрін өрт шарпып, нәтижесінде 13 адам құтқарылып, бір адам қаза тапқан еді. Бұл жағдайдың да салғырттықтан орын алғаны анық. Сонымен қатар, Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанында түрік бауырларымыз салып жатқан мешіт құрылысы да сын садағына ілінгені белгілі. Сондай-ақ, өзіміз күнде күріп жүрген жағдайды айта кетейік. Мәселен, Шымкенттен Ақсукентке бара жатқан жолдың бойындағы Таскен ауылында мешіттің құрылысы бітпей, құр қаңқасы сүлдіреп тұр. Құрылысты қандай ниетпен бастағаны белгісіз, иесі оны орта жолда аяқсыз қалдырған. Ал қазір бітпей тұрған нысанның жері саудаға шығарылып, хабарландыру ілініп қойған. Игілікті істі қолға алған кез-келген пенде құрылысты бастамай тұрып, ниетін түзулеп, терең ойланып алғаны жөн емес пе?

Алдымен мешіт салушы кісі Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіретке өтініш жазып, рұқсат сұрайды және мешіттің өзі мен жерін түгелдей ҚМДБ-нің филиалы етіп тіркеуге, мешітке ат беріп, имам сайлау мәселесіне, ішкі жұмыстарына араласпайтыны жайында тілхат беруге міндетті. Сондай тілхаттың негізінде ғана діни басқарма ол кісіге мешіт салуға рұқсат береді.Одан кейін Қазақстан бойынша әр облыстың өкіл имамдары, ҚМДБ аппаратының қатысуымен төралқа жиналысында көпшіліктің дауысына салынады.

Мойындау керек, бүгінде жомарт азаматтарымыз мешіт салдырып, оған өз ата-бабасының, не әкесінің, тіпті руының атын беруі әдетке айналып бара жатқандай. Оның дінімізге, елімізге сіңірген еңбегі қаншалық? Ол жағы ескеріле бермейді. Кім де болса шын сауап үшін, халқы үшін мешіт салған болса, атасының атын бұлдамас болар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде мешітке адамдардың атын беру жақсы үрдіс емес екендігін ескертіп өткен еді.

Дегенмен ислам шартына да, діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылардың бар екені рас. Діни басқарма қарсы болған жағдайда өз алдына дербес діни басқарма ашып алып, соның аясында мешіт көтеріп жатқандар да жоқ емес. Кім-кімге де белгілі, дініміз атаға да, руға да, ұлтқа да, тіпті нәсілге де бөлінбейді. Ислам діні барша адамзатқа ортақ. Олай болса, асыл дініміздің аясын тарылтып, оны пенделік төмен деңгейге түсіру ешқандай адамгершіліктің аясына сыймайды.

Мәлім болғандай, алдағы уақытта Шымкентте бес мың адам сиятын зәулім мешіт бой көтермек. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің мәлімдеуінше, аталған нысанды ӘІО (Әкімшілік іскерлік орталығы) ауданында салу жоспарланған. Одан бөлек, алдағы уақытта да халық игілігі үшін имандылық үйлерінің көбейе беретіні анық. Сондықтан да, мешіт салушылар жоғарыдағы жағдайларды қаперіне ұстаса екен дейміз.

Сіз не дейсіз?

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, облыстық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің наиб-имамы:

Ислам заңы бойынша, кісі атын мешітке беру — қолданыста бар нәрсе. Алайда мешіт атауы діни араздық, алауыздықтың тууына мұрындық болмауы керек. Ең біріншіден, мешітке Алланың 99 аттарының бірін қоюға немесе дін ғұламаларының атын беруге болады. Екіншіден, ислам репрессия, соғыс кездерінде дін жолында шейіт болған тұлғалардың есімін Алла үйіне беруге қарсы емес. Сондай-ақ, елге еңбегі сіңген, өмірі тақуалықпен өткен қадірлі жандардың есімін де мешітке берсе ағаттық болмайды. Алайда өмірі күмәнді, күнәсі көп жандардың атын мешітке беруге біз қарсымыз. Осыны көптеген қалталы кәсіпкерлер түсінсе екен.

Сағынғали ӘБУБӘКІРОВ, ОҚМПИ-дің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры:

 – Жалпы, қалтасы қалың азаматтар қаржысын босқа ысырап етпей, имандылық үйін тұрғызып берсе мол сауапқа кенелері анық. Бұл тұрғыда мешітке өзінің әкесінің, ет-жақын бауырларының атын қоюға заң жүзінде мүмкіндігі бар. Енді кейбіреулердің қордан жиналған қаражат есебінен салынған мешітке руының атын қойғанына да куә болып жүрміз. Негізінен, Алла үйіне адамның атын беру идеология тұрғысынан дұрыс емес. Шариғат бойынша, мешіт салдырып, оған айқайлатып ат бермесең де сенің көкейіңдегіні Құдай біліп тұр емес пе? Міне, қазіргі қоғамда осындай қарапайым қағиданы дұрыс ұқпаушылық орын алып жүр.

  Ақпараттар

 Мәйіт тасымалдайтын арнайы көлік

Облыстық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінде мәйіт тасымалдауға арналған көлік бар. Жапонның «Тойота – хайс» маркалы көлігі жаназа шығаруға аса ыңғайлы. Онда табыт қойылатын арнайы орын бар, жанында табыт көтеруші 7-8 адам еркін отырады. Шынар ағашынан жасалған табыт ұлттық нақыштармен безендірілген. «Бұл көліктің қызметін пайдаланушылар көп шығынданып, шаршап-шалдығып әбігер болмайды. Сонымен қатар, марқұмды шығарып салушыларға діни уағыз тыңдауға да мүмкіндік тиеді»,-дейді мешіттің наиб-имамы М.Естеміров. Оның айтуынша, аталған көлік еліміздің кез-келген аймағына сапарға шыға алады екен.

Дінбасының жаңа кітабы жарық көрді

Лондонда Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні» атты кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасы жарық көрді. Дінбасы аталған кітабын жазып шығуға 12 жыл уақытын бөліпті. Құнды дүние үш тараудан тұрады. Онда Ислам діні қазақ топырағына қалай келгендігі, Қазақстандағы исламның рөлі, мемлекеттің дінаралық, ұлтаралық келісімдерді сақтау және нығайтудағы тәжірибелері туралы айтылған.

Құралай жаңа мұсылман көйлектерін ұсынды

Белгілі дизайнер-модельер Құралай Нұрқаділова мұсылман қыз-келіншектерге арналған жаңа киім топтамасын жасап шығарды. «De Lux» санатына жататын жиынтық киім үлгілері негізінен жоғары сапалы матадан тігілген, өрнектермен әрленіп, Swarovski тастарымен және стразалармен көмкерілген бұйымдардан тұрады. Қ.Нұрқаділованың айтуынша, киім-кешектер аса ерекше салтанатты жағдайларға арналған. Шариғат заңдылықтары мен қазақ ұлттық киімдерінің қанық түстерін қоса біріктіреді. Бағасы 20- 150 мың теңге аралығында екен.

Интернет арқылы танысу

Мұсылман қыз-жігіттердің енді интернет арқылы танысуына мүмкіндігі бар. Бұл жобаны Алматы қаласының Орталық мешіті қолға алып отыр. Ғаламтор бетінде nikyah.kz деген атпен жұмысын бастаған жаңа порталға кірушілер тек діни отбасын құру ниетінде ғана тіркелуі қажет. Сайт әкімшілерінің айтуынша, тіркелу кезіндегі сұрақтарға тек нағыз мұсылман ғана жауап бере алады. Олар қазақстандық мұсылмандар үшін мұндай таныстық сайтын ашу әлдеқашан пісіп жетілген дегенді алға тартады. «Мұсылмандар қыздармен көшеде келе жатып таныса алмайды. Немесе кез келген жерде қызға ұнатқан адамына сөз айта алмайды. Шариғат бойынша оған тыйым салынған. Сондықтан біздің ойымызша, мұндай сайт жастарға дер кезінде отбасын құруға көмектеседі. Мұсылман жігіттер мен қыздардың кеңінен таныстықтарына жол ашады», — дейді Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб-имамы Нұрмұхамед Иминов.

Газет анықтамасы:

Облыстық » Абдул Хамид Қаттани» мешіті.

Тел: 53-59-19

 «Kattani.kz» сайты