«Қоғамдағы этносаралық және конфессия аралық қарым-қатынастар мәдениетін қалыптастыру тәжірибесі, проблемалары және перспективалары». Бүгін (16.03.2012ж.) М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемелекеттік университетінде осы тақырыптағы халықаралық конференция басталды. Үш күнге созылатын шарада этностар арасындағы мәдени қарым-қатынас пен мемлекеттік тілді меңгеру және олардың қоғамдағы рөлі жайлы тақырыптар қаузалады.
Ералы Тоғжанов, ҚР Халықтар Ассамблеясы төрағасының орынбасары: «Этносаралық қатынастың Қазақстандық тәжибесі бұл Нұрсұлтан Әбішұлының өзіндік үлгісі болып табылады. Бұған қазір әлем елдері қызығушылық танытуда. Мәселен, былтыр дүниежүзінің 16 мемлекетінен тәжірибе алмасу үшін өкілдердің келуі осы сөзіме дәлел бола алады. Бұл дегеніңіз — жер бетіндегі елдердің татулық үлгісін іздеуін көрсетеді».
Жиынға келгендердің ортақ әңгімесі алыс-жақын шетелдердегі болып жатқан саяси оқиғалардан қарға тамырлы қазақ жерінде өмір сүретін бауырлас елдер сабақ алуы керек дегенге сайды. Шүкір дейік, бірлігі жарасқан елімізде бейбітшілік, береке мол. Әрі этностар арасындағы толеранттылық яғни төзімділік шегі мықты. Ел басына күн туса бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға әзір біздегі түрлі ұлыстың өкілдері.
Латипша Асанов — Облыстық түрік мәдени орталығының төрағасы: «ОҚО-да бүгінде 60 мыңға жуық түрік өмір сүреді. Олар Қазақстандағы барлық салада жұмыс жасайды. Солардың 90 пайызы қазақ тілін жақсы меңгерген. Одан бөлек, біздегі 22 мектепте бір — екі сағаттан түрік тілі сабағы өткізіледі. Сондай-ақ, Оңтүстіктегі түрік қоғамы соңғы кездері қоғамымызда орын алып жатқан оқиғалар, мәселен, Қызылағаштағы (1 миллионға жуық теңге) жағдайға байланысты, Жаңаөзендегі (1 миллион 350 мың теңге) жағдайға сай қаржылай көмек көрсетті. Кешегі Ордабасыға болған су тасқынына байланысты 200 мың теңгенің көлемінде анау-мынау апарылып берілді. Одан басқа да акция жүргізіліп жатыр. Міне, мұның барлығы да қысылған кезде ағайыннан болатын көмекке жатады. Яғни, бәріміздің қанымыз бір, жанымыз бір, түбіміз бір. Жалауымыз бен Отанымыздың да бірлігін көрсетеді».
Шарадағы маңызды істің бірі екі тілде жарық көрген «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» атты кітаптың тұсауын кесу. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекова авторлық еткен шығармада дана халқымыздың ұлттық тәрбиедегі ұстанымдары тарқатыла жазылған.
Асма Қалыбекова, Облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, профессор: «Бұл кітаптарда мен Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен мәдениеті жайлы жазғанмын. Сан ғасырлар өтсе де мұқалмаған тіліміз туралы және шекарамыз жайлы осында айтылған. Атадан жеткен асылды бүгінгі ұрпаққа жеткізу баршамыз үшін парыз. Менің мұнда айтқым келгені, Қазақ жеріндегі қай ұлт пен ұлыс болмасын, олар өмір сүретін елдің ұлттық тарихы мен мәдениетін, жалпы ділін білуі керек. Туған өлкесінің салт-санасын бойына толыққанды сіңірген тұлға ғана кез келген жерде «МЕН ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АЗАМАТЫМЫН!!!» дей алады».
Еліміз бойынша тұңғыш рет өткізіліп жатқан халықаралық конференциядан соң, ғалымдар бастаған топ таяуда ғана топансудан зардап шеккен Темірлан ауылына аттанбақшы. Өңіріміздегі мәдени орталықтар жинаған қаржыны үлестіріліп, тамшыдай болса да қол ұшын созбақ. Мұның өзі ұлыстардың татулығын тағы бір дәлелдейді.