Имамдар қан тапсырды

Облыстық қан орталығында 90-ға жуық имам қан тапсырды. Мұны дін өкілдері Ұлыстың Ұлы мерекесі — «Наурыздың» құрметіне байланысты ұйымдастырып отыр. Қан тапсыру — шариғат үкімі бойынша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет амалы болып саналады. Әрі оның денсаулыққа тигізер пайдасы мол. Игі шараны жүзеге асыруды өңірдің имамдары биыл екінші жыл жалғастырып отыр.

Сайрам ауданындағы Сайрам ауылдық мешітінің имамы Қайрат Ергешов осы күні қан тапсыруға алғаш рет келді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет амалын орындауды қарызы деп санаған дін өкілі қайырымды ісі арқылы мұқтажға қол созуды пенделік парызы деп біледі.

Қайрат ЕРГЕШОВ, Сайрам ауылдық мешітінің имамы: «Құран-Кәрімде, кімде-кім бір адамға өмір сыйласа, ол адам барлық адамға өмір сыйлағанмен тең делінген. Сондықтан мен де осы шараға мұқтаж бір жанға пайдам тие ме деп келіп отырмын. Егер, осы ісім арқылы жұртқа септігім тисе, өмірдегі ең бір жақсы сауапты іс жасадым деп ойлаймын».

Негізінен орталық жыл сайын қан қорын 12 мың литрге толықтырып отырады. Бүгінде мұнда төрт топқа қатысты 3,5 мың литр қан бар. Мұны дәрігерлер жеткілікті деп санағанымен, соңғы кездері жол көлік апаттарының жиі орын алуына байланысты теріс резусты қанға кейде сұраныстың көп болатынын жасырмайды.

Сүндет РАХМАНБЕРДИЕВ, Облыстық қан орталығының директоры: «Біздің облыста қанға тапшылық жоқ. Бірақ оған сұраныс көп. Мәселен, қазір қалада көліктер көп, соған сай жол-көлік оқиғалары жиі орын алып тұрады. Әрі жылдық өсім де жоғарылап келеді. Осыған байланысты осы жылы қанға сұраныс өзгеше болып тұр. Бірақ біздегі қан барлық медициналық мекемелерге жеткілікті дәрежеде. Ал сирек кездесетін қан тобындағы адамдар үшін алдын-ала дайындап оған 600-700 донорымыз бар. Ондай жағдай бола қалса, тәуліктің кез келген уақытында сұраған қанын тауып беруге әзірміз».

Имамдар қан тапсырды

Қан беруді кейбір діни ағымдар харам санайды. Бұл әсіресе, соңғы кездері қоғамдағы кейбір жандардың санасын құрсаулап алған секталарға қатысты жәйт. Осы ретте қан тапсырудың мұсылманшылықта ешқандай күнә емесін облыстың бас имамы тағы бір ескертті. Керісінше, шариғат жолымен емделудің бұл түрі тым жақсы дейді. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірнеше хадис-шәріпінде баян етілген.

Қан алдырудың бірнеше түір бар. Солардың бірі, сүлік жәндігі арқылы болса, хижама және дәрігерлердің көмегімен қан тапсыру екен. Хижама дегені — әр түрлі ауруларға қарсы денедегі нүктелерден алынатын қан. Ол өте көп ауруға ем. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Емделудің үш түрі бар: әселмен (бал), қан алдыру, отпен күйдіру».

Сөйтіп, осы күні кешке дейін облыстағы 90 имамның әрқайсысы 450 грамнан қан өткізді. Ал облыстың басқа аудандарындағы 2 мыңға жуық дін өкілі алдағы апталарда өз аудандарында қан тапсырмақ. Өзгеге өмір сыйлауды сауап деп білсеңіз, қайырымды шарадан сіз де қалыс қалмаңыз.