Оңтүстік Қазақстан облысында қаңғыбас иттерді аулаудың ережесі әлі бекітілген жоқ. Құжатты мәслихатта мақұлдағанымен, әділет департаменті «бекітілді» деген мөрін басуға асығар емес. Сөйтіп, үш айдан бері аталмыш ереже өз күшіне ене алмай жатыр.
«Иттерді аулаудың ережесін бекітуді әділет департаменті не себепті ұзаққа созып жатқаны бізге түсініксіз. Мәселенің басын ашуға талпынып жатырмыз. Өйткені, ит аулаушылар заңсыз жұмыс істей алмайды», — дейді ОҚО мамандандырылған табиғаттықорғау прокуратурасының көмекшісі Ердос Найманбаев.
Қаңғыбас иттерді қалай дұрыс ату керек? Мұндай сауал табиғатты қорғау прокуратурасының қызметкерлерін үй жануарларын тапа-тал түсте ата бастаған соң толғандыра бастады. Еске салсақ, сол бір оқиға «Күншығыс» шағынауданында 14-наурызда орын алып еді. Сол маңдағы ондаған тұрғын қосұңғылы қарулармен жарақтанған итаулаушылардың аяусыз ісіне наразы болған сол күні.
Төңіректе балалардың көп болуынан қауіптенген тұрғындар сол шақта бұл бассыздықты тоқтатпақ та болған еді. Шымкенттіктерге олардың ит аулау әдісі ұнамаған. Мұны олар тым қатал деп шешкен.
«Заң бойынша, «төрт аяқтыларды» олардың күндіз атуына болмайтын. Иттер мылтықтың даусын есіткенде өзін қалай ұстарын кім біледі, қорыққандарынан адамдар тығыз орналасқан аймақтарға тығылуы мүмкін ғой. Ал біздің шағынауданда мектеп пен балалар бақшасы көп. Қаңғыған оқ оларға да тиіп кетуі мүмкін еді ғой», — дейді сол сәтке куә болған Дархан Шертаинов. — «Сол кезде үш рет мылтық атылды. Мен ашық қоңыр түстес иттің қансырап жатқанын көрдім. Арада 15 минут өткен соң арнайы киімде келген мамандар оның өлі денесін көлікке тиеді де кетіп қалды. Жерде тек оның жұққан қаны жатты».
Табиғатты қорғау прокуратурасының қызметкерлері бұл мәселеге әзірге иықтарын қиқаңдатқаннан басқа амал таппауда. Егер, былтыр мұндай жағдай ең сорақы тірлік болып саналса, бұл жолы айыптыларды Заңның ең қатал баптарымен жазалай алмайды. Иттерге арналған ереже бекітілмейінше, шымкенттік ит аулаушылар «жеті қазынаның» біріне жататын жануарларды күн шақшайып тұрса да, шімірікпестен ата береді. Осы арада айта өткен жөн, атылған әрбір қаңғыбас итке 750 теңгеден төленеді екен. Амал нешік?! Жанымызды шүберекке түйіп, әділет қызметкерлеріне жалтақтап тағы да күн кешеміз де…