Ит аулаушылар еңбекақыларын ала алмай жүр

369

Қаланы қаңғыбас иттерден тазартуды кәсіп еткен олар жалақыларының жырға айналғанын айтады. Созбаққа салынған айлыққа қол жеткізбеген ел соңында жұмыстан кетіп тынған. Алайда, жұмыс беруші олармен әлі күнге есептеспепті.

Жиналған бұл азаматтар бүгінге дейін қаланы қаңғыған иттерден тазартып келген. Бірі бұл салада 2 жыл жүрсе, ендігісі 1 айға шыдапты. Жалақы уақтылы төленбегендіктен бір күннің ішінде жұмыстан босауға бекінген. Бірақ, жалақы жөнінен олармен ешкім есеп айырысуға асықпайды екен.

Болат Сатенов, қала тұрғыны: «Қарашаның айлығын әлі берген жоқ. Былтырлары 15-20 күнде айлықты беретін еді. Биыл 2-3 ай деп кете береді. Сұрасақ, Астанадан әлі жіберілген жоқ дейді. Сол үшін жұмыстан кетіп отырмыз».

Ал, қаңғыбас жануарларды аулайтын қызмет бағынышты болған ауыл шаруашылығы басқармасындағылар ешкімге қарыз емеспіз деп отыр. Сөздерінше, ит, мысық аулауға бюджеттен бөлінген 90 млн. теңге жарты жылға жетпеген. Салдарынан оның көлеңкесі жұмысшыларға түсіпті. Жауаптылар мәселені бюджеттен тағы 35 млн. теңге сұрап шешкендерін айтады.

Сырым Әбдіхалықов, Шымкент қаласының «Ветеренариялық қызмет» мемлекеттік кәсіпорнының директоры: «Олардың өздері автокөлік табады, киім табады, мен тек қана керекті құрал сайманды беремін. Жақсы ақша төледім. Біз биыл норманы жақсы орындадық».

Бұрынғы басшыларынан қайыр таппаған жұмысшылар еңбек инспекциясына жүгінді. Ондағылардың айтуынша жыл басынан бері жұмыс берушілердің үстінен жалақыға қатысты 1200-ден астам шағым түсірген. Олардың басым бөлігі сауда, өндіріс және денсаулық сақтау саласындағы мамандар.

Әлжан Мамадалиев, Еңбек инспекциясының маманы: «Егер жұмыс беруші жалақыны өз мерзімінде төлемесе, кешіктіріп төлесе, олардың өсімпұлын төлемесе әкімшілік айыппұл төлейді».

Ал, қаладағы қаңғыбас жануарларды аулаған жұмысшылардың қарызы 30 күннің ішінде қаралады. Айта кетейік, жыл басында олар жұмысты 10 топ болып бастаған. Желтоқсанға дейін соның 5-еуі ғана қалған. Осы уақытта Шымкент қаласы бойынша 40 мыңға жуық қаңғыбас ит пен мысықтың көзі жойылған.

Назерке Үкібасова