Ордабасылықтарға жеңіс үшін ақшалай сыйақы беріледі

214
суперкубок Шымкентте

Бүгін ұшақтан түскен футболшылар жуырда ғана екі бірдей жеңіске қол жеткізген болатын. Ел чемпиондары «Шахтерды» жеңіп, суперкубокқа ие болса, демалыс күні биылғы маусымның алғашқы тур ойынында Атыраудан басым түсті. Аяқдопшыларды облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы құттықтап, алар белес әлі алда деп те қойды.

Облыс әкімінің жиынына келген шымкенттік футболшылардың көңіл күйі көтеріңкі болғанымен,  шаршап шалдыққандары байқалады. Әрине, екі ойында қатарынан жеңіске жетіп, содан кейін ауа райының қолайсыз болуына байланысты үйіне де қайта алмай бес-алты сағат бойы Өзбекстанда ұшақты күтіп отыру жығылғанға жұдырық болғандай. Десек те, жанкүйерлердің көтеріңкі көңіл-күйін көргенде қиындықтың барлығы артта қалғаны байқалғанын жерлестеріміз алға тартады.

Екі бірдей кубокты еншілеген оңтүстік құрамасы енді ел чемпионатында ептілік танытсақ деп отыр. Чемпион болу қажеттігін де облыс басшысы тілге тиек етті. Қаражат мәселесі де қаралып, сыйақы да тағайындалғанын  Асқар Исабекұлы жасырмады. Келесі ойынды шымкенттіктер өз алаңында наурыздың 18-не астаналықтармен өткізеді. Жанкүйерлермен кездесу де сол ойынның алдында өтеді.

Алмат Бекбаев, «Ордабасы» ФК қақпашы: «Оңтүстік Қазақстан облысының жанкүйерлері куә өте жауапты матч деп санаймын. Біз Қазақстан чемпионын жеңдік. Менің ойымша осыған дейінгі ойындарға қарағанда «Шахтермен» өткен ойын өте ауыр болды. Енді жұмыс жасап, Құдай қаласа, биылғы маусымда бесінші немесе төртінші орын алсақ деп үміттенемін».

Қайрат Әшірбеков «Ордабасы» ФК капитаны: Мен Туркияда оқу жаттығу жиынында жүргенімде ұлым дүниеге келді. Үйге бір күнге келіп, оны өз көзіммен көріп, келесі ойында гол соқсам ұлыма арнаймын деп уәде еткен едім. Бұл ойын біз үшін өте ауыр болатынын о бастан-ақ білгенбіз. Қазақстан чемпиондарынан басым түсу ауыр жоспар еді. Не болса да жеңе білдік. Ендігі мақсатымыз әр ойында жеңіске жетіп тұру. Чемпионат ұзақ, ұпайларды маусым соңында санаймыз ғой. Алар белес алда екеніне сенгім келеді. Атыраумен ойын да біз үшін оңай тимеді. Бірінші таимда екі голды жіберіп алдық, алайда екінші жартысында бар күшімізді жинап жауапты үш г олды соға білдік. Өте қуаныштымын».

Асқар Мырзахметов, ОҚО футбол федерациясының президенті : «Виктор Васильевичтің сөздері есімде, жеңіс үшін қолымыздан келгенше таласамыз деген еді. Бүгін кезекті жеңіспен құттықтап отырмыз. Расында, жүз мыңдаған жанкүйерлерді қуанта білдіңіздер. Алғысымызды білдіреміз. Менің ойымша ең бастысы нәтиже. Ойын барысында біздің команда мықты екенін дәлелдей білді. Бұл матч үлкен спорттың тарихында өшпестей із қалдырды деуге болады. Өйткені, ел басының өзі футболдың тарихында алғаш рет Суперкубокті өз қолымен сіздерге тарту етті. Біз үшін бұл үлкен қуаныш».

Виктор Пасулько, «Ордабасы» ФК бас бапкері: » Біздің футболшымыз Джилас ауыр жарақат алып қалғаны белгілі. Сол себепті де аса қуана да алмадым. Өйткені футбол ол футбол, ал адамның өмірі мен үшін бірінші орында екені даусыз. Десек те бұл жеңіс біздің мақтанышымыз, біз сіздерге уәде беріп, оны орындай білдік. Шахтерлықтарды жеңу біздің жігіттер үшін өте ауыр болды. Дегенмен бірлескен команда екенімізді дәлелдей біліп, бұл жеңіске де қол жеткізе білдік».