«Нұртас» шағынауданының тұрғындары екі аптадан бері жарықсыз отыр. «Ай сайын электр қуаты үшін қарызданбай теңге төлегенімізбен, қарызымыз күн санап қосылуда», — дейді олар. Еңбекші ауданына қарасты шағынаудандағы түйткіл — ондағы қуат реттегіш трансформатор жекенің құзырында. Соның салдарынан шағынауданда жарық бір айда 4 рет өшірілген.
Шыдамының шегі бітіп, «нұртастықтар» Еңбекші аудандық әкімдігінен маман шақыртып, арызын айтты. Себебі, жарық беруші мекеме «Энергопоток» ЖШС-і жарық үшін жалпы қарыз 587 мың теңгеге шыққаны себепті, желіні үзген. Ал тұрғындар болса, бұл соманың қайдан шыққан білмей дал.
Әзиза Шорабекова, «Нұртас» шағынауданының тұрғыны: «2011 жылы жарық үшін қарызсыз шыққанбыз. 2012 жылдың қаңтар айында да қарызымыз болған жоқ. Бірақ айлардың арасында айырмашылық — 130 мың теңге шықты дегеніне байланысты оны да төледік. Енді бізге ақпан айында 587 мың теңге қарызсыңдар деп, электр қуатын сөндіргеніне 15 күнге жуықтады. Ауылымызда жаңадан босанған шақалақтар бар, кәрі-құртаң бар. Әсіресе, соларға қиын болды».
Асылхан Назаров, «Нұртас» шағынауданының тұрғыны: Бізге жарық беруші мекеме ай сайын 110, 130 мың теңгені мойнымызға салып, босқа «лақтырып» жатыр. Меніңше, бұлайша ақшаның көп болып кетуі мүмкін емес. Себебі, мен екі жылдай тұтынылған электр қуаты үшін теңге жинадым. Сол кезде ай арасындағы айырмашылық (электр қуатын ұрлау) небары 25-30 мың болатын. Ал ақпан айындағы айырмашылық 130 мыңға бір ақ шықты».
Ал жарық беруші мекеме «Энергопоток» елдімекеннің өткен жылдан қалған қарызы бар екенін айтады. Мәселен, 2011 жылдың желтоқсан айы үшін «Нұртас» шағынауданы 94 мың теңге қарыз. 2012 жылдың қаңтар-ақпанында да осындай сомалар шыға келе, жалпы қарыз 600 мыңға жуықтаған. Сөйтіп, түйткілдің бұлайша ушығуын тұрғындардың өзінен көреді.
Дәулет Жиренбаев, «Энергопоток» ЖШС қала маңының есеп-қисап инженері: «Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі, ақша жинайтын адам жиналған ақшаны өзі жаратып қойып жатыр. Не болмаса, «Нұртастағы» үйлерде ұрлықылқ көп. Яғни, трасформатор мен үйлердің арасында сәйкестік болмай жатыр. Ол елдімекендегі тұрғындар бізге бірнеше рет өтініп, біз бұған дейін де жарық бергенбіз. Енді олар тағы да жазбаша түрде кепілдік хатын жазса, біз олар уәде еткен мерзімге дейін электр қуатын қайта қоса аламыз.
«Мемлекеттік жарық қуаты берілмей, «Нұртастың» көрген күні осы. Бізге мемлекеттік жарық осы жылдың қаңтарында беріледі делінген. Наурыз болды, әлі жоқ»,-дейді шыдамы таусылған елдімекен тұрғындары. Расында, мемлекеттік жарық берілмей «Нұртастағы» жарықтың жағдайы қалыпқа келмейтіні анық. Ал 2011 жылды қорытқан Еңбекші ауданының әкімі таяуда аталған шағынауданға осы жылдың 1-тоқсанында мемлекеттік жарық беріледі деген болатын. Наурыздың алғашқы онкүндігі бітуге жақын. Алайда уәденің орындасалр түрі жоқ.
Нұрлан Бектұрсынов, Еңбекші аудандық әкімдігінің бас маманы. «Мемлекеттік жарық «Нұртасқа» бір айдың көлемінде, яғни наурыздың аяғында, сәуір айының басында қосылады деп жоспарлап отырмыз. Қазір осындағы жұмыстарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Кезекті уәденің орындалуын ондағы тұрғындар тағы да күтуге бар. Тек жергілікті билік уәде Құдайдың аты екенін ұмытпаса игі.