Облысымызда малға екпе егу жұмыстары басталды. Ветеринарлар аурудың 9 түрі бойынша вакцинация жасайды. Бірінші кезекте мал дәрігерлері ірі қара мен уақ малдарға аусыл ауруының дәрісін егіп, сарып ауруының қан сынамаларын алады.
Шымкент қаласы бойынша, 24 мың 600 ірі қара мен 43 мың уақ малға аусыл ауруына егу жұмысы жасалады. Шараға «Ветеринариялық қызмет» МКК 30-ға тарта маманы жұмылдырылды. Дәрі егіліп, қан алынған барлық малдың құжатына қандай ауруға қарсы егу жасалғандығы жазылады.
Аса қауіпті аурулардың алдын алу шарасына республикалық бюджеттен 2 млрд. 288 мил. теңге бөлініп отыр. Өткен жылы қаржы 1 млрд. 367 млн. болған.
2011 жылы облысымызда аусыл ауруы тіркелмеді. Есесіне күл ауруымен ауырған малдар кездесті. Сол себепті биыл күл ауруына қарсы вакцина 100 пайыз берілді. Өткен жылы ол 14 пайыз болған.
Ауыл шаруашылығы жануарлары ауруларының алдын алу шараларының бәрі бюджеттен бөлінген қаражат есебінен тегін жасалады. Ол үшін облыстың барлық аудандарында арнайы МКК құрылған. Онда 800-ге тарта дәрігер мамандар бар. Мал егелері дәрігерлерге бар малдарын жасырмай егу жұмысын жүргізуге кедергі жасамаса болғаны.
Бүгіннен бастап облысымызда кенеге қарсы күрес жұмыстары басталды. Мамандар 15-сәуірге дейін барлық ірі қара малдарды бүркуден өткізіп, 24 млн шаршы метр қора қопсыларды дәрілейді 180 млн. тенгеге дәрі дәрімек алынып әр ауданға бөлініп берілді. Ал 15-сәуірден бастап уақ малдар тоқытылады. Санитар мамандар әзірге кене ояна қоймады дейді.