Шымкентте Республикалық «Наурыз» жыр-айтысы өтті. Сөз асылын саптайтын додаға 21 айтыскер ақын қатысуда.
2 кезеңнен тұратын өнер бәсекесі ертең қорытындыланатын болады. Айтыстың басы-қасында әдеттегідей Жүрсін Ерман жүр. Біздің облыстың намысын 9 бірдей ақын қорғауда. Астарлы жыр жолдарымен ақиқатты жеткізген ақындардың тапқырлығына жұртшылық дән риза.
2004 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан республикалық “Наурыз” айтыс бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналды. Айтыстың ақтық мәресіне еліміздің ең таңдаулы 21 ақыны жолдама алған. Десе де биылғы өнер доасының ерекшелігі – жас ақындар да жырлайды дейді ұйымдастырушылар.
Шымқалада 6-рет өткізіліп отырған өнер додасы 2 кезеңнен тұрады. “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” деп танылғандар ертеңгі бәсекеде бәйгеге тағы шығады. Дегенмен, от ауызды орақ тілді ақындардың өзі айтыс алдындағы қобалжуы мен тебіренісін жасырмады.
Халықтың әлеуметтік ахуалын жырына арқау еткен ақындар елдің жоғын да айтып өтуді ұмытпады. Еліміздің батыс өңірінен келген Айнабек Бейсенғалиев 1-кезеңде 46 ұпайды еншілеп, Оңтүстіктің ақыны Тұрар Тілеулиевтен басым түсті.
Суырыпсалмалар сайысының нәтижесі ертең белгілі болмақ. Оларға облыс әкімінің арнайы жүлдесі де қарастырылған.