«Жексенбілік жәрмеңкенің саудагерлері сатыпалушыларды таразыдан алдап, шірігін сөмкеге тоғытуды ғана біледі». «Көктем» базарының сатушылары әр жексенбі сайын «Фосфоршылар сарайы» маңында жәрмеңкеге өнімін әкелушілер жайлы осылай деп ашынады.
Тіпті, ашуы қайнаған саудагерлер сауда қатарының жабылуын талап етуде. Себебі, соның кесірінен «Көктем» базарында қазір сауда жоқ, саудагерлердің тілімен айтсақ, өлі маусым.
Нұржамал Аманбаева, сатушы: «Жәрмеңке деп азық-түліктерін дұрыстап сатса мейлі ғой. Жоқ, олар сатыпалушыны таразыдан алдайды, сөмкесіне байқатпай шіріп кеткенін салады. Сөйтеді де, біздің тұтынушыларымыз мұнда жыларман хәлде кетіп бара жатады. Ал біздің бүгінде тауар сатудан қалғанымызға көп болды. Салдарынан орнымыздың жалдық ақысына да, бала-шағамыздың тамағына да жеткізе алмай әуреленіп жүрген жайымыз бар. Менің айтарым — бұл жәрмеңкені жабу керек. Базардың қасынан жәрмеңке ашу деген күлкілі ғой, негізі. Әкімшілік осыған қарамай неге отыр?! Өз ғимараттарының жанынан ашып берсін керек болса!!!».
Гүлбар Төребекова, Көктем базарының атқарушы директоры: «Жәрмеңкеге негізінен әрбір диқан өзінің еккен жемісін әкелу керек. Қыста олар оны қайдан алады? Әрине, таяу маңдағы «Қырғы базардан», «Айна» мен «Алаш» және өзімізідің «Көктем» базарынан көтере сатып алып, мұнда келіп сатады. Сөйтеді де салық үшін де, тұрған орны үшін де бір тиын төлемейді. Ал сатып жатқан еттері болса, санитарлық талапқа сай келмейді. Төрт түліктің еті жерде жатыр. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл мәселені шешіп беріңіз деп қала әкімдігіне арыздандық. Екі апта болды. Әлі күнге дейін жауап жоқ».
Сатыпалушыға телмірген Көктемдегі 20 саудагердің бар өкпесі осы. Әрі жәрмеңке мен базар нарқында айырмашылық жоқтың қасы дейді ондағылар. Әрі қайсыбір азық-түлік түрі болмасын, бағасы жапсырылғанын көрмейсіз.
Бірақ, жәрмеңкедегі көп сатушы кәдуілгі базар нарқынан біздің баға 15-20 пайызға арзан деп отыр. Мәселен, сондағы сатушы Сабыржан Бектаев, картопты — 45 теңгеден, пиязды — 40, қырыққабатты — 35, ал сәбізді 50 теңгеден сатып жатқанын айтады. Ал жәрмеңкедегі тауықтың данасы 600 теңгенің көлемінде көрінеді. Халал шұжықтардың келісі 750 теңгеден. Ал жылқы етінің бағасы 1200 теңгеден аспайды-мыс.
Бірақ, жеміс-жидектердің нарқы көңіл көншітпейді. Бір ғана мысал — алманың келісі 220-240 теңгенің айналасында.