2009 жылы проблемалы жертөлелердің мәселесі шешілді деп жазѓан болатынбыз. Сол уаќытта үй төрағаларына «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-мен жертөлелерді жөндеу-қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасасу ұсынылған болатын. Дегенмен, ұсынысты қабыл алғандар саны аз болды. Қазіргі таңда мемлекет осы мәселені шешудің жолын ұсынып отыр. Ол көмекті қалай пайдалануға болатыны жайлы біз «КазЦентрЖКХ» ОҚО филиалының жетекшісі Әбдімәлік Балбаевтан сұрап көрдік.
— Соңғы уақытта жертөлелер жағдайын айтып, бізге қоңырау шалатын оқырмандар қатары көбейді. Бірінші қабаттағы тұрғындар пәтерлерініңіші үнемі ылғалданып тұратынын айтып, шағымдануда. Бұл проблеманы өз бетімізше шеше алмаймыз дейді. Осындай жағдайда оларға қандай кеңес берер едіңіз?
— Бұл мәселені тұрғындардың өздері ойластыра бастағанының өзі жақсы нышан. Өкінішке орай, біздің адамдар үйдің шатыры 5қабатта тұратындардың, ал жертөле 1қабаттағы адамдардың проблемасы деп ойлайды. Алайда, мынаны ұмытпауымыз керек, ҚР «Баспана қатынастары туралы» заңының 31-бабында жертөле сол үйдегі пәтер иелерінің бәріне ортақ, бөлінбейді деп, тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан, 1-ші, 5-ші немесе 12-қабатта тұрасыз ба — бәрібір, жалпыға ортақ мүлікті қауіпсіз дәрежеде пайдалану мен сақтап-қорғауға бәріңіз де атсалысуға тиіссіздер. Егер сол үйдің тұрғындары жертөле мен инженерлік құрылымдарды жөндеуге шешім қабылдаса, шешілмейтін түйін жоқ. Бүгінде мемлекет ТҮКШ жаңарту бағдарламасы аясында көппәтерлі үйді ағымдағы және күрделі жөндеуге қажетті қаражат бөліп қана қоймай, зейнеткерлер мен аз қамтылған жандарға баспаналық көмек көрсетуге әзір. Аталмыш көмек үйлерді толық жөндеу жұмыстарының ақысы мен баспанаға қажетті қаражаттар, коммуналдық қызмет пен байланыс ақысы және жанұялардың осы мақсатта жұмсай алатын қаражаты арасындағы 10%-дық айырма ретінде белгіленген.
Тұрғындардың арасынан мұндай баспаналық көмекті кімдер ала алмайды?
— Өз иелігінде біреуден көп баспанасы барнемесе баспананы жалға беруші азаматтар, сондай-ақ, құрамында еңбекке қабілетті жастағы бірақ, жұмыс істемейтін, күндізгі оқу бөлімінде оқымайтын, жұмыссыз ретінде еңбекпен қамту бөлімінде тіркелмеген тұлғалары бар жанұялар бұл көмекті ала алмайды.
Жөндеу жұмыстарын кімдер жүргізеді? Егер олар жөндеуді сапасыз жүргізсе не болады? Және әкімшілік қызметкерлері тек жертөлені жөндеуді ғана емес, үйлердің хас беттерін қаптауды, шатырды ауыстыруды — бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың өздері қажетсіз деп шешкен жұмыстарды атқаруды талап етсе, не болады?
— Бірінші сұрағыңызға тоқтала кетейін. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін біз «Тұрғын үй» МҚК-ның бас мердігер деп шештік. Өзге мердігерлерді таңдау мәселесі тұрғындардың баспана инспекциясы, бас мердігер және әкімшілік өкілдерімен өткізген жалпы жиналысында шешіледі. Ал жөндеу жұмыстарының сапасы мен оның ақысына келер болсақ, егер жұмыстар тұрғындардың көңілдерінен шықпаса, онда біткен жұмыстардың актілерін қабылдамауға құқылы.
— Жөндеуге бөлінген ақшаны біреу-міреу қалтасына басып, ізін суытып кетпей ме?
Мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкентке бөлінген барлық қаражат «Шымкент» ӘКК Ұлттық компаниясы» АҚ-ның есепшотында жатыр. Бұл корпорация өз кезегінде келісімшарттар негізінде жөндеу жұмыстарының көлеміне сәйкес, мердігер мекемелермен есеп айырысады.
Кейбір пәтер иелері төлем жасаудан бас тартып жатса қалай болады?
Мұндай жағдайда пәтер иесінің төлемеген сомасы соттың шешімімен алынады.
Жертөлелерді жөндеу жұмыстары бітті делік. Содан кейін ше?
— Ары қарай тұрғындардың өз еріктері біледі. Мүмкін, тағы бір жерлерді жөндегілері келер. Ал жалпы алғанда, үйлердің жертөлелерінде клубтар ұйымдастыруға болады. Кеңес дәуірін еске алайықшы, сол кезеңде сондай клубтар болған. Қазіргі таңда жеткіншектердің бос уақыттарында айналысатын ештеңелері жоқ деп көп айтылады. Олар компьютердің алдында көз талдырып отырады немесе көше тәрбиесінде жүреді. Нәтижесінде қылмыс саны да арта түсуде. Неге жертөлелерді жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарды орналастырып, балаларға бермеске? Неге біздің үйлеріміздің жертөлелері үнемі сасып, қоқып жатуы керек? Ал кейбір жертөлелер құрғақ бола қалған жағдайда, онда қаңғыбастардың қаптап жүретінін ұмыттық па?
— Қазір әкімшіліктің мамандары өз жұмыстарын салғырт атқарып жүр, соның салдарынан ТҮКШ жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама пайдасыз болып қалуы мүмкін деген әңгімелер жиі айтылуда. Сонда, барлық нәрсе шенеуніктердің қолында тұр ма?
Бағдарламаның жергілікті халық арасында кең таралуы шенеуніктерге байланысты. Адамдарға бағдарламаның мәнін терең түсіндіру керек. Ал тұрғындарға бірлесіп, өз араларынан баспаналарына ең жанашыр жанды табу қажет. Бір сөзбен айтқанда, көп нәрсе үй төрағасына байланысты.
Әңгімеңізге рахмет! Сұхбат соңында оқырмандарға не айтар едіңіз?
— Құрметті қала тұрғындары, шатырлар мен жертөлелер — өздеріңіздің пәтерлеріңіз секілді ортақ мүліктеріңіз. Сырттан мейірімді адам немесе әкімшілік қызметкері келіп, барлық проблемаларыңызды шешіп береді деп күтіп отыруға болмайды. Себебі, жеке үйлердің иелері көмек сұрап, әкімшілікке жүгірмей, өз мүліктерінің жағдайын бақылап отырулары тиіс. Қандай жағдайда өмір сүретіндеріңіз тек өздеріңізге ғана байланысты.
Сұхбаттасқан — Нұрлан БЕКТАЕВ
Сіз не дейсіз?
Гүлжан Жауылбаева, «СРМ» ЖШС-нің зертхана бастығы:
— Қоқысқа толған немесе су басқан жертөлесі бар үйлердегі тұрғындар көбінесе қауіпті жағдайда отырғандарын ескере бермейді. Құдайға шүкір, бізде әзірше төтенше жағдай орын ала қойған жоқ, бірақ, жақында Теміртау қаласында болған оқиғаны еске алайықшы. Онда құбырлар жарылып, ақпа судың (канализация) таза су құбырына құйылуы салдарынан адамдар көптеп уланған жоқ па? Жертөлелері су басқан үйлердің тұрғындары осындай апатты жағдайға ұшыраулары ғажап емес. Жаман айтпай, жақсы жоқ, құбыр жарылып, соның кесірінен ақпа су басқа құбырларға құйылатын болса, адамдар уланады. Мен көпқабатты үйлердің тұрғындарынан мына қарапайым ғана ережені есте сақтауды сұранамын: ақпа судың құбыры қарбыздың қабығы мен памперс секілді түрлі қоқыстар тастауға арналмаған. Олар суға арналған. Ал жертөлелеріңізді жөндесеңіздер, қойма ретінде пайдаланып, кіріс табуға да болар еді. Сонда сіздер жертөлелерді қазқалпында сақтап тұру үшін қаражат көзін іздеуден құтылар едіңіздер. Сонымен қоса, жертөлелерді балаларыңыздың бос уақытында ойнайтын аула клубы ретінде де кәдеге асыруға болады.
Асқар Әбубәкіров, «Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚның аға менеджері:
— Кез келген үйді реттеуге болады.Ең бастысы – тұрғындардың өз баспаналары үшін жауапкершілікті сезінуі. Ал мына бағдарламаға қатысу – қиын емес, ол үшін басқарушыны немесе үй төрағасын анықтау керек. Одан кейін кондоминиум нысанын әділет органдарында тіркеу қажет. Келесі қадам – пәтер иелерінің толық жөндеу жұмыстарын жүргізуге деген келісімдері. Осы арада бір нәрсені атап өткен жөн. Бұрындары барлық пәтер иелерінің 100%-дық келісімі қажет болса, қазіргі таңда меншік иелерінің 3тен 2 бөлігі келіссе де жетеді. Бұдан кейін төрт жақты келісімшарт жасалады. Ал жөндеу жұмыстары біткен соң, келісімде көрсетілген соманы ай сайын төлеп отыру ғана қалады.
Алдарқұл Ахметов, ОҚО МСЭҚД коммуналдық нысандарға санитарлықгигиеналық бақылау бөлімінің бастығы:
— Су басқан жертөлелер қауіп төндіреді. Біріншіден, ғимараттың құрылымы ауырлайды, егер темір элементтер бар болса оларды тот басады, ал бұл фактор ғимаратты апатты жағдайға дейін апаруы мүмкін. Екіншіден, мұндай жертөлелерде жыл бойына масалар көбеюі мүмкін, ал олардың түрлі аурулардың тасымалдаушысы екені белгілі. Үшіншіден, үнемі шығып тұратын сасық иіс. Жаңарту бағдарламасына келер болсақ, үйлерді толық жөндеуден өткізуге әрқашан ақша табыла бермейтіні рас. Ал егер мемлекет осы мақсатқа арнайы қаражат бөліп тұрғанда, неге осы мүмкіндікті тиімді пайдаланбасқа? Оның үстіне, жөндеу жұмыстары сапалы болады дейді. Мәселені шешудің тиімді жолы осы деп ойлаймын.