Түлкібаста созбалаңға салынған 13 су арнасының жұмысы биыл да бітпеуі мүмкін

10

Түлкібастық шаруалардың жылдар бойы күткен ағынды су арнасының құрылысы биыл да шешімін таппауы мүмкін. Бұл туралы аймақ басшысы мәлімдеді.

Ауданда 2020 жылы 13 каналға жөндеу жұмысы басталған еді. Бұл 7 мыңнан аса гектар егістік алқапқа тіршілік нәрін жеткізеді деп көзделген болатын. Құрылыс жұмысы 2022 жылы бітеді деп жоспарланған. Алайда созбалаңға салынған арна жұмысы тіпті 2024 жылға ысырылған. Аудан әкімі жұмыстың тұралап қалуын пандемиямен байланыстырды.

«Ол кездегі жоба пандемия кезінде жасалған. Одан кейін бағаның бәрі ауысып кеткен. Бір компания құрылысын жүргізуді жеңіп алған еді. Уақыты созылған соң бізге солай деп отыр. Бағаның бәрін қайта қарайтын болды. Қазір құжаттар мемлекеттік экспертизада. Жобаның үстінен ақша қоспайды. Тек жұмыстарды азайтатын сияқты», -дейді Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов.