Алматылық әнші Әлия Әбілқайырдың орындауындағы «Қайсар Қазақ» атты әнге бейнеклип түсіріліп,өнер сүйер қауымға ұсынылды. Бұл әншінің репертуарындағы үшінші бейне туынды болып отыр. Жаңа туынды желтоқсан оқиғасына қатысып, қыршыннан қиылған жас боздақтар жайында. Өлең жолдарында батырлардың ерлігі ұмытылмас ешқашан деген сөздер кездеседі. Жаңа туынды Алматы қаласында түсіріліпті. Егер сәтін салса, Әлия Әбілқайыр бірер күнде келесі бір әніне бейнеклип түсірмек ниетте.

Әли Әбілқайыр, әнші: «Жаңа туынды менің көңілімнен шықты. Бұрыннан ойлап жүрген мақсатыма жеттім. Өзгелерге үлгі болардай жасаған аға-әпкелеріміздің ерліктері ешқашан ұмытылмасын деген ойым болды. Сәтті шықты деген сенімдемін. Ендігі бағасын көрермен береді. Ал қазір мен шығармашылығымды шыңдау үстіндемін. Жаңа әндер жаздыру дегендей. Сонымен бірге айта өтетін бір жәйт мен қазір Оңтүстікке жиі өзге сахнадағы әріптес әншілердің концерттік кештерінде өнер көрсетудемін. Негізінде менің ата-анам Оңтүстіктен шыққан азаматтар. Содан болар қашан да бір бүйрегім сонда тартып тұрады».

Өнер жолын Әлия Әбілқайыр алғаш рет «Сағнұр» тобымен бастаған. Әншілер Нұрлан мен Мұраттың жетекшілігінде өнер көрсеткен «Сағнұр» тобы Нұрлан мен Мұрат тарап кеткеннен кейін ұзаққа бармаған. Алайда, Әлия бұған қаймықпай, керісінше алға қарай талпынған. Шешінген судан тайынбас дегендей жалғыз өзі жеке орындаушы болып халық алдына шыққан әнші басынан көптеген қиындықтарға кезігеді. Өнер жолы қиын жол. Алайда, біле тұра бұл қадамды жасаған Әлия қазір өкінбейді. Керісінше ізденіс үстінде.