Төлеби ауданына қарасты Ұзынарық ауылының тұрғындары мердігерлердің жауапсызсыздығынан ауыз судың азабын тартып отыр. 2009 жылы әуелгіде 7 млн. кейіннен 4,5 млн. теңге қаржыны бюджеттен жырып бергенмен халық тіршілік нәріне әлі жарымай отыр. Ал әлдеқашан пайдалануға берілген нысанның ақауын шенеуніктер енді әу бастағы жобалау кезінде кеткен дейді.
Ұзынарық ауылының тұрғындары бұл жолы қауқылдасып қайтуға емес, ауыз судың жырын айтуға жиылған. Өткен жылы ғана 11,5 млн. теңгеге кіргізілген су жүйесінің қайырын көрмедік деп қамығады барлығы. Олар құдығы бар үйге кіріптар.
Пернебай Оңланбаев, Ұзынарық ауылының тұрғыны: «Жүргізді, жүргізгенде пайда не. 1 грам су кеген жоқ.дәл мына медпукнтімізге әкеп береміз деген, медпунктке былтыр ашылды, оған да берген жоқ».
Дина Жарылқапова, Ұзынарық ауылының тұрғыны: «Ауыл болғанда не болдық, , е әкімшіліктер қарамаса, я басқа қарамаса. Не деген сұмдық бұл».
Ауылдың жасы да жасамысы да ағын судың арамы жоқ деп керегін өзеннен тасиды. Есесіне ауру тауып жатырмыз дейді.
Тазакүл Құрманбекова, Ұзынарық ауылының тұрғыны: «Соны тынытып ішеміз, кірді де соған жуамыз, жағдай қиын негізі су жөнінде, бала-шаға ауру боп жатыр. Өздеріміз міне давление боп жатырық. Соның бәрі неден мінекей осы судың тазалығы емес. Бауырымыз ауырады, бүйрегіміз ауырады. Бүйрегімізге құм жиналып жатыр».
Ауылға су келгенмен, құбырдан өткен күзден бері су ақпай қалған. Қатып қалса керек. Жарты жыл тоқтап тұрған тіршілік нәрі, біздің түсіру тобы барғанда қайта ақты. Оның өзі күнара, 2 сағатқа ғана берілетін болды.
Әтіркүл Ешметова, Ұзынарық ауылының тұрғыны: «Қыстай су болған жоқ, әбден қорлық көрдік. Баланың бәрі қалада. Бармаған жеріміз жоқ. Әрбірден кейін ана үйлерден сатып ішіп тұрдық қой. Бұрын да сөйтетін, мейлі күнара боса да кеп тұрса болды ғой бізге таза су».
Тек таза суға Ұзынарықтағы 185 отбасының барлығы қарық болып отырған жоқ. Бар болғаны 42 үй ішеді. Жоғары жақта тамшы да тамбайды. Ауыл әкімі мұның мәнісін әу баста жобалау жұмысының жөнді жүргізілмеуінен деп түсіндіреді.
Өмірбек Смайлов, Қоғалы ауыл округінің әкімі: Бұны қазір Ленгір су мекемесі оны алған жоқ. Себебі оны алса шығынға отырамыз деп. Себебі үй аз».
Тәулік бойы бергенге кететін шығынды халықтың қалтасы көтермейтінін айтқан әкім күзге салым ауыл халқы түгел таза су ішеді деп сендірді. Тек аузы күйген тұрғындар «бұл жолы да іс бітті, қу кеттінің кері келмесін» деп тілеп отыр.