Кешегі аптада, Сәкен Сейфуллин атындағы Халықтар достығы үйінде ақындар айтысы болып өтті. Жыр бәсекесі «Бірлік түбі – береке» тақырыбы аясында өрбіді. Жыр сайысын “Шымкент жастары” мемлекеттік коммуналдық мекемесі ұйымдастырды.
Аталған жыр-айтыста азулы ақын Бекарыс Шойбеков пен астаналық жас ақын Жандарбек Бұлғақов, Нұрлыбек Мейірменов пен Ақмарал Леубаева, Нұрлан Есенқұлов пен Қалижан Білдашов айтысты. Астаналық жас ақын Жандарбек Бұлғақов пен жерлесіміз Бекарыс Шойбековтың жекпе-жек жыр-айтысы көпшіліктің көңілінен шықты. Себебі, әзіл-қалжың араластыра отырып, халықтың әл-ауқатын да астарлы жыр жолдарымен жеткізе білді.
Сондай-ақ “халыққа жақсаң, қазыларға жақпайсың” деген ұстанымды алға тартатын ақындар бұл күні оймақтай ойларын бүкпесіз баяндады. Халық төреші болған соң, арқалы ақындар қоғамда орын алып отырған түйткілді мәселерді қозғауды да ұмытпады.
Сіз не дейсіз?
Жандарбек Бұлғақов, ақын:
— Дәл қазіргі уақыттағы айтыстың аяқ алысы қуантады. 85-87 жылдармен салыстырсақ, айтыстың қаншалықты дамығанын да аңғарамыз. Қазірдің өзінде замандастырмыздың қолына қасиеті мол қара домбыраны алып, әуелеткенін көріп-ақ жанымыз жадырай түседі. Ел аман, жұрт тыныш болса, айтыстың даму-деңгейі бұдан да жоғарылайтынына сенемін.
Заңғар Үсіпахметов, “Шымкент жастары” мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры:
— Бұл айтыстың өзге де өтіп жүрген айтыстардан бір ерекшелігі – халықтан түскен қаражат толығымен қайырымдылық қорына жұмсалады. Балалар үйіне, тұл жетімдерге, мүгедек балаларға, отбасылық жағдайы төмен жастарға, сонымен бірге сәуір айының 10 күндігін қамтитын үнемделген қаржы құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу шарасына жұмсалмақ.