Редакцияға Түркістан қаласынан шағым келіп түсті. Оқығанда төбе шашты тік тұрғызар деректерге толы хаттың иесі 1986 жылы туған Мөлдір Қожанова екен. Алғашқы баласын ауыр жағдайда босанғанымен, дәрігерлер оны біржолата бала сүю құқығынан айырыпты.
» Қ ұ р м е т т і редакция!
Менің сіздерге шағым жазу себебім төмендегідей. 2011 жылғы тамыздың 17-і күні босанар уақытым жақындағанда Түркістан қаласындағы орталық аурухананың жүкті әйелдер бөліміне жаттым. Бұл кезде толғақ басталып, кешке дейін күттім. Кешке акушер-дәрігерлер «кесрева тілігі» арқылы босандырды. Мұнан соң ота жасау бөліміне апарды. 2-3 күннен соң бөлімге ауыстырды. Бірақ денсаулығым күрт төмендеп кетті. Ішім ісіп-кеуіп, оң жақ бүйірім қатты бүріп ауырды. Дәрігерлер көріп болған соң ота жасау бөліміне қайта әкелді. Ондағылар су мен тұз араластырып клизма жасады. Бірер күннен соң әйелдер бөліміне қайта келдім. Ішімнің ісігі қайтпады, одан бетер ауырып, кіші дәретке отыру мұң болды. Мұндайда ішімнен де, аузымнан да сұмдық күлімсі иіс шығып, лоқси бердім. Тіптен мазам кеткен соң ота жасау бөліміне қайта апарды. Мұрныма зонт қойған соң ас содасы, су, тұз және тағы бір қоспаларды араластырып, клизма жасады. Ішім күйіп-жанып, есімді шала-шарпы білер күйге түстім. Маған ота жасалып болған соң көзімді 3-4 күннен соң аштым. Көзімді бір ашқанымда ішегімді сыртқа шығарып қойыпты. Менің қатты бір қынжылғаным, осы ота жасау кезінде маған не отбасыға, тіптен күйеуіме де ескертпей, жатырымды алып тастағандары болды. Бәрі бір бұдан да түзеліп кете алмадым. Қайта қиналған соң дәрігерлер мені Шымкентке аттандырды. Облыс орталығындағы дәрігерлер мені не үшін әкелгендерін түсінбей, маған ота жасағандары туралы түркістандық дәрігерлердің берген сырқатым жөніндегі анықтама қағаздарды таппай, дал болысты. Түркістандық дәрігерлер «жібергенбіз» дейді, шымкенттік дәрігерлер «алған жоқпыз» деуден танбайды» (Хат редакцияланды)
Хаттан біз түсінген жәйт осы болды. Хат иесінің өзімен сөйлеспекке жолға шықтық. Түркістан қаласындағы 1-шағынаудандағы көпқабатты №8 үйді оңай таптық. Есікті ашқан жас қызды біз хат иесі Мөлдір деп мүлде ойламаппыз. Кейпі ары кеткенде, 10 сынып оқушысына ұқсайды. Өзі жазған хаттың ізімен келгенімізді түсінген соң, ол әңгімесін бастады.
— Әкем де, шешем де жоқ. Өзім Шорнақ жақтың қызымын. 2010 жылы тұрмысқа шығып, содан бері күйеуім екеуіміз осында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Өзім жұмыссызбын. Мен болған оқиғаның барлығын хатта көрсеткенмін. Өзімді босандырған дәрігерлердің мені осыншалықты қақпақылға салғандары, нақты диогноз қоя алмай, жанымды жаралағандары, екінші мәрте бала сүю құқығымнан айырғандарына қынжыламын. Ең болмағанда күйеуіме ескертулері керек емес пе? Менің жетім екенім, туған-туыстан ешкім жоқ екенін біліп, жасаған әлімжеттіктері ме бұл қалай? Бұдан кейін ұрпақ сүйе алмайтыным белгілі.
Бір баламен отырып қалу мен үшін де, күйеуіме де ауыр ғой. Олар неге осыны түсінбеді? Бірінші отадан соң неге менің денсаулығым күрт төмендеп кетті, неге ішім кеуіп, өліктің исіндей күлімсі иіс шықты, құжатсыз неге Шымкентке апарды? Менің білгім келген мәселе осылар. Дәрігерлерден ауруым туралы, ота жасауға не себеп болғаны жөнінде толтырылған анықтамаларды сұрасам бермейді. Менің сұраушым жоқ екендігімді басынғандары ма? Кеср тілігімен алмай-ақ, өзімнің де босануға мүмкіндігім бар еді ғой. Олар адам жанының арашашысы, ант қабылдаған жандар болғандықтан әрбір істеген істеріне есеп берулері керек. Менен кейін де олардың мұндай қателіктерге жол берместеріне кім кепілдік бере алады?»
Мөлдірдің айтқандарына келіспеске шарамыз жоқ. Себебі, Оңтүстікте ана мен бала өлімінің күрт көтеріліп, бұған дейін де біраз шу шыққаны белгілі. Әсіресе, биылғы жылы бала босануға келген екіқабат әйелдердің бірінен кейін бірінің ауруханада қайтыс болғаны бар. Оның барлығына тиісті сала басшылары бағасын бере жатар, әйтсе де, соңғы кездері дәрігерлерге көпшіліктің сенімі неге азайды, олар туралы неге теріс пікірлер қалыптасуда? Бұл — бөлек әңгіме.
Мөлдір тұрып жатқан үй мен аурухананың арасы таяқ тастам жер болғандықтан, мәселенің мәнісін білмек болып солай қарай беттедік. Өкінішке орай бас дәрігерді таппаған соң, гинеколог дәрігерге жолықтық. Ол кісінің бұл жағдайдан хабары бар екен. Мөлдірге өздеріне ескертпей, неге газет редакциясына шағым жазғанына біраз ренжіп алған ол кісі бас дәрігер жоқ болғандықтан, мәлімет бере алмайтындығын айтып шығарып салды. Жалпы жиналыс өткізіп, мәселені анықтайтындықтарын, қорытындысын газет редакциясына жіберетіндіктерін де жасырмаған дәрігер өзінің ұялы телефонының нөмірін беріп, сендірді.
Арада апта өтті. Түркістандық дәрігерлер тым-тырыс. Анда-санда қоңырау шалып, дәрігерден қандай қорытынды жасағандарын, кінәлілерді анықтаған-анықтамағанын сұраймыз. Тұшымды жауап жоқ. Мөлдірмен хабарластық. Айтуынша біз кеткен соң үйіне аурухананың 2 қызметкері барады. Жағдайын сұрап, кешірім өтіну үшін емес, шапқылай бермей, тыныш жүруін талап еткен. Қажет болса, бүлінген денсаулығын емдеп, жұмыс тауып беретіндіктерін де жасырмапты. Бірақ, Мөлдірдің қайтып бала көтере алмайтындығына аса мән бермейтін сияқты. Бір адамның тағдырын тәлкек еткендеріне қиналмайтындай.
Егер дәрігерлер Мөлдір Қожановаға нақты диагноз қойып, өз істерінің дұрыс екендіктеріне көздері жетсе, онда бізден неге қашқақтайды? Неге Мөлдірдің тыныш жүруін талап етеді, неге оған барлық мәселені дұрыс түсіндірмейді? Бізді осы сауалдар мазалайды. Біз Түркістанға барғанда дәрігерлерді біржақты кінәлауға немесе Мөлдірді ақтауға емес, мәселенің мән-жайын анықтауға барып едік. Мүмкін Түркістандағы орталық аурухананың бас дәрігері мәселенің мәнісін осы мақаланы оқыған соң ашық айтып, түсіндіруге тырысар. Осы оқиға жөнінде түсінік берер деген ойдамыз.
Редакциядан: Естуімізше, қазір бұл мәселеден Прокуратура да хабардар болған көрінеді. Біз де өз кезегімізде Мөлдір Қожановаға қатысты бұл мәселенің аяқсыз қалмауын өз бақылауымызда ұстайтын боламыз.