Баласын 31 жылдан бері күткен ана

 Дүниеге сегіз ұл-қыз әкелген Сырға Төлендиеваның жүрегінде жара бар. Отыз бір жылдан бері жазылмайтын бұл дерті әскерге аттанған ұлынан бір дерек болып калар деп сыздайды да тұрады. Өлді дегенге сенгісі жоқ. Сүйегі табылмаған соң, ана жүрегі үмітін үзер емес. Оның үстіне кешегі аптада арада 29 жыл өткенде Ауған жерінен қазақстандық жауынгер Алексей Зуевтің сүйегі туған жері Ақмолағаәкелінді. Отаны үшін отқа түскен сарбаз сүйегі арулап жер қойнына тапсырылды.

 Осыны естігелі Сырға апайдың үміті арта түскендей. «Өлді дегенге қимаймын…Бірақ, солай болған күнде де арулап жер қойнына салар баламның сүйегі табылса екен деймін. Жоқтау айтып, ас бергенім жоқ. Әлі де баламнан бір дерек шығып қалар ма екен деп үміттенемін» дейді егіліп.

Ауған жерінде із-түзсіз кеткен қазақстандық 20 жауынгердің 3-уі Оңтүстіктен. Олар– Түлкібас ауданынан әскерге аттанған Талғат Төлендиев, Түркістаннан Абдулхаким Ергешов және Шымкенттен Юрий Мисжанов. Бұлардан әлі күнге дейін дерек жоқ.

ТМД елдері арасында Үкіметтік Кеңес жанындағы жауынгер-интернационалистер Комитетінің төрағасы Руслан Аушевтің айтуыншаАуған жерінде із-түзсіз кеткен 266 сарбаздың 186-сы ғана анықталған. Олардың сүйектері табылып, сол арқылы толық ақпарат жасақталған. Айта кетейік, іздеу операциясы кезінде сарбаздардың табылған сүйектері арнайы сараптамадан өткен. ДНК-сын әке-шешесі, бауырларыныңкімен салыстырған тексеру ісі көп септігін тигізген. Ал көбінің туысқандары да табылмаған.

Отыз бір жылдан бері баласынан дерек күткен Сырға апайды іздеп үйіне бардық. Жүрегіндегі дертті сырткөзге қанша сездіргісі келмей тырысқанымен, әңгіме Ауған жерінде із-түзсіз жоғалған ұлы жайлы болғанда қамкөңіл ана көз жасына ерік берді.

Құлыным көз алдымда жүргенде биыл 50-ге толады. Ағайын-туыс соны атап өтер ме едік…Қайтейін… Тағдырға шара бар ма?! Ұрлық-қарлық жасап, не қылмысты болып жоғалған жоқ, Отанын қорғауға кетіп, келмеді ғой деп жұбатамын өзімді.

Сырға апай ұлын «өжет еді… қайтпас қайсар мінезді болатын, жарығым…»деп еске алады. Ұлының суреті қолынан түспейді.

Ауған жерінде азаматтық борышын өтеген Талғат алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген Сырға апайдың үшінші перзенті болатын. 1981 жылдың күзінде Тәжікстанның Тэджин қаласына әскер қатарына алынғанда Талғат 18-ге жаңа толған болатын. Алты ай сонда оқу-жаттығу жұмыстарында шынығып, шымырланады. Осы аралықта көңілді демдеген сағынышты хаттар 2-3 айдай үздіксіз келіп тұрды. «Екі жыл деген не тәйірі, екі айдай өте шығар. Алла амандығын берсе, анашым, қауышатын күн алыс емес өзіңмен» дегенді жиі жазатын. Қарулас достарымен түскен суреттері сағынышты хаттардың арасында әлі сақтаулы.

Алты айдан соң дала поштасы (полевая почта) жеткізіп жүрген хаттар қатары сап тиылды. Бір емес, бір жарым емес, екі-үш айдай уақыт болды, ақжолтай хат келмеді. Сырға апаның жүрегі бір жамандықтың болғанын сезді. Аудандық әскери комиссариатқа баруды жиілетті. «Талғатымнан хат келмей қалды» деп сары уайымның суын ішті. Анық-қанығын біліп беруді жауаптылардан талап етті. Бір күні, нақтысы 1981 жылдың 23 желтоқсанында Төлендиевтер отбасына Түлкібас аудандық әскери комиссариатынан бір қора адам сау ете түсті. Суыт жүрістегілердің келгендегі пиғылын алғашқыда кейуана түсінген жоқ. Талғатының Ауғанстанда жүріп, кезекті ұрыста ерлікпен қаза тапқанын хабарлаған тілдей хатты көргенде өз көзіне өзі сенбеді, көз жасын көл етті… есінен тандырды…

Бірақ, Сырға апа мен отағасы Ерубай қарттың көңілі азаматы әне-міне келердей сезімге ұдайы бөленетін. Себебі, оның о дүниелік болғанын айғақтайтын дәйекті комиссариаттағылар тауып бере алған жоқ. Із-түзсіз жоғалғандар сапына қосып, іздеу салу тізіміне тіркеп қойды. «Он балаң болса да орны басқа ғой, осындай оймен жүрсем де, тірі адам тіршілік қыладының қамымен шалымыз екеуміз басқа ұл-қызды аяқтандыруға кірістік», – дейді ақ жаулықты ана. -«Қолымда ең кіші ұлым қалған тұғын. Сол жарықтығыма Құдай бір дерт жіберіп, 24 жасында ол өмірден озды. «Жығылғанға жұдырық» деп осындайда айтса керек ата-бабамыз. Артқан жүгім екі еселенді. Содан денсаулығым сыр беріп, қос ұлымның уайымы қан қысымы мен қант диабетін «сыйлады». «Елдің ұлдары келіп жатыр, атың өшкір Ауғанстанан, ал менің баламның тіпті сүйегі де жеткен жоқ», – деп шалым да күйініп өтті өмірден. Сөйтіп 40 жасымда жесір атандым, шырағым».

Сырға апа 10 жылдан бері Шымкентте қызының қолында тұрып жатыр екен. Қызының қолында. Өйткені, дерт болып жабысқан күйіктің салдары апамызды туған өлкесінде тұра алмайтындай етіпті. Түлкібастың табиғаты таулы ғой. Қан қысымы лезде көтеріле берген соң, дәрігерлер ол жақтан біржола көшу қажетігін түсіндірсе керек. «Ұлдарым жоқ емес бар, Құдайға шүкір. Мұнда тұрып жатқаныма олар намыстанады, әрине», – дейді апамыз. «Бірақ қайтем, оларды қалаға көшіріп әкеле алмаймын. Әрқайсысы нәпәқасын сол жақтан табудың жолын таңдаған. Қалада оларға кім қамқорлық жасар дейсің, ешкімге зиянымды тигізгім жоқ.»

Қайбір жылдары С.Төлендиеваға Шымкенттегі Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы ұлын бірлесіп іздеуді ұсынады. Талғаттың суретін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жариялағаннан соң көп өтпей, онымен соғыста борышын бірге өтеген жолдасы табылады. Үміт оты қайта тұтанды. Қуанған ана баласының қарулас досынан барлығын сұрапты. Түсінгені, жерлес жігіттер Отан алдындағы борыштарын адалдықпен өтеп қайтқан соң отбасымызбен бірге араласайық деп серттескен көрінеді. Түнгі кезекшіліктің бірінде бір-бірімен орын алмастырған екі достың соңғы жүздесу сәттері болса керек. «Менің ажал құшатын кезім дәл сол шаққа тура келіпті, апа. Әйтсе деАлла маған өлімді ол жақтан жазбай, орныма сіздің ұлыңызды қалдырды,»- деп ағынан жарылыпты ол жігіт. «Содан қазір осы бала Талғатымның орнын басып жоқтатпай жүр «, – дейді кейуана.

…Талғатты тосқан отыз жылда Сырға әжей қайда бармады дейсіз? Бақсы-балгерлер де «аянбай тер төкті» бұл жолда. Көбінің «келеді ұлың» деген сөзі көңілге үміт отын жағады. Талғаты түсіне де жиі кіреді. Бірақ соңғы кездері бұлыңғыр, еміс-еміс… «Сол жақта жүріп, отбасылы болып өмір сүріп жатса да разымын. Тек аман болса екен, құлыным…», – дейді Сырға апа кемсеңдеп…

Алтын алқалы Сырға Төлендиеваның сөзінен аңғарғаным, қамкөңіл жанның көңілін Ауған соғысына қатысты шараларда ғана қаламыздағы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшелері аулайды екен. «Балаңыздың із-түзсіз кеткені үшін мемлекеттен бөлінетін 6 мың теңгені аламысыз, әлде «Алтын алқа» төсбелгісінің 9 мың теңгесін берейік пе» дегенде, ең болмаса ай сайын Талғатының аты аталып тұруын қалап, 6 мың теңгені жөн көрген. Дегенмен, кейіннен ол санаттағы жәрдемпұл шегеріліп, кейуанаға «алтын құрсақтығын» айғақтайтын алқаны беруді жөн санапты.

Міне, құрметті оқырман. Ұлы Ауған жеріндегі соғысқа аттанып, қайта оралмаған жүздеген қазақстандық отбасылар қатарындағы бір ғана әулеттің тартқан қасіреті осындай. Мұндай күйді жақсы түсінген республикалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов пен осы одақтың біздің облыстағы филиал төрағасы Ғалым Майқанов хабарсыз кеткендердің жоғын жоқтауды ешқашан тоқтатпаймыз дейді. Таяуда тағы бір қазақстандық сарбаздың сүйегі елге жетуі ғажап емес. Біздің азаматымыз екені 80-90 %-ға анықталып қойылған сарбазды әкелуге Пәкістанда бүгінгі күні ушығып тұрған уақытша саяси жағдай кедергісін келтіріп тұрғанға ұқсайды. Ахуал қалыпқа келген соң, біздің сыртқы істер министрлігі ауғанстандық әріптестерімен оңтайлы келісімдерге қол жеткізбек.

Мақпал Ыбырайым

Сырға ТӨЛЕНДИЕВА, Талғат Төлендиевтің анасы:

 Баламды 20 жылға дейін өлдіге санаған жоқпын. Тірі деп, басқа балаларымның санына қосып, тіріге пітір бердім. Келеді деп күттім. Жиырма жылдан кейін барып Құдайы беріп, садақа тарататын болдым. Не көріп кетті дейсің, ол сорлы… Ана сүті аузынан кетпеген байғұс… Менің ойымша, ұлым сондағы өзендердің біріне батып кеткен сияқты. Себебі, қасында бірге борышын өтеген жолдастарының айтуынша, жаудың қолына түскеннен гөрі, сол маңдағы құлама суға батып өлгенді көп айтқан көрінеді. Кім біледі, бір күні тұтқынға түспес үшін ойындағы әрекетін іске асырған болар. Бірақ мен ұлымды әлі де тірі деп сенем. Ғұмыр бойы жолын тосуға бармын…

Шәріпбай ӨТЕГЕНОВ, Республикалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

Жоқ адамды тірі не өлі екенін білу өте қиын. Сондықтан қай ұлттың өкілі болмасын, жоғалған жігіттердің туыстары олардың соңынан тиісті әдет-ғұрыптарды жасай алмай дал болады. Әрине, жауынгердің сүйегі елге жеткізілгеннен соң екіұдай пікір сирейді. Бірақ мұның өзі көңілді бұзады. Өйткені, кім ұлының мәйітін көргісі келеді дейсіз. Дегенмен, үміт артқан адамдардың үмітін жалғау үшін жұмысымызды тоқтатпаймыз. Айтады ғой, «Соғыс – ең соңғы мәйіттің сүйегі табылмайынша бітпейді» деп. Сондықтан біз бұл сөзді толық қолдаймыз, қуаттаймыз. Ауған соғысына қанша уақыт өтсе де, біз бұл ісімізді жалғастыра береміз.

Керек дерек:

1979-1989 жж. болған Ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 761-і қаза тапқан.

 Елімізде бүгінде 10 мыңға жуық ауған соғысының ардагері бар. Олардың 3 мыңдайы мүгедектер қатарында.

 Биыл КСРО әскерінің Ауған жеріне кіргеніне 33 жыл, он жылға созылған соң кеңес әскерлерінің ол елден қайта шығарылғанына 23 толды.

Газет анықтамасы:

Ауған соғысы ардагерлері Одағының тел: 50-00-09