Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясынан ұлттық контингент құрамында оралған әскери қызметшілерді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Олардың қатарында сержант Батырхан Абылай, аға сержант Әлібек Юнусов және үшінші сыныпты сержант Мейрамбек Жақыпов бар.
Іс-шара әскери бөлімнің саптық алаңында жеке құрамның, Қарулы күштер ардагерлерінің, сондай-ақ туған жерге оралған бітімгерлерді асыға күткен туыстары мен жақындарының қатысуымен өтті.
Бөлім командованиесі әскери қызметшілерге қойылған міндеттерді абыроймен орындағаны және қазақстандық армияның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар бітімгерлік миссияға қатысу жоғары жауынгерлік дайындықпен қатар сабырлылықты, дипломатиялық қабілетті, төзімділік пен адамгершілікті талап ететіні атап өтілді.
Голан жоталары секілді күрделі аймақта қызмет атқару әскери қызметшілерден ерекше жауапкершілік пен батылдықты талап етеді. Қазақстандық бітімгерлік контингенттің негізгі міндеті — қақтығыс аймағындағы тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейбітшілікті нығайтуға бағытталған халықаралық күш-жігерге қатысу болды.
Миссия барысында қазақстандық әскери қызметшілер жоғары кәсібилік, тәртіп және әскери антқа адалдық танытып, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүктеген міндеттерді сәтті орындады.
Салтанатты шараның ерекше әсерлі сәттерінің бірі — әскери қызметшілердің туған-туыстарымен қауышуы болды. Қуаныштан көздеріне жас алған ата-аналар мен жақындары сарбаздарға Отан алдындағы адал қызметтері үшін алғыстарын жеткізді.
— Біз туған жерімізге, өз елімізге аман-есен оралғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл бітімгерлік миссия біз үшін үлкен өмірлік әрі кәсіби тәжірибе болды. Миссия барысында біз тек бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық жолында қызмет атқардық. Осы миссия аясында Қазақстанды халықаралық деңгейде лайықты танытып, мемлекетіміздің беделін көтеруге үлес қоса алдық деп ойлаймыз, — деп бөлісті бітімгерлер.
Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы халықаралық миссия барысында жинақталған тәжірибе Қазақстан Қарулы күштерінің кәсіби деңгейін одан әрі арттыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Қазақстандық бітімгерлердің Голан жоталарындағы қызметі халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Шетелде ел намысын абыроймен қорғап жүрген әскери қызметшілердің батылдығы мен жанқиярлығы әрдайым құрметке лайық.







