Мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдем беруден қалыс қалмайық. Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қордың өкілдігі облыстық оңалту орталығында болып, ондағы тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға мидың жұмысын дамытатын арнайы ойыншықтар үлестірді. Орталықта түрлі диагнозбен бүгінде 163 бүлдіршін тәрбиеленсе, оның 41-і церебралды сал ауруынан зардап шегетін балалар.
Церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға мұндай ойыншықтар күнде келе беретін сый емес. Енді олар қолдарындағы кейіпкерін өздігінен жинап, дүниетанымын һәм математикалық ойлау жүйесін одан әрі дамытатын болады. Мәселен, 6 жасар Викторияға мұндағының бәрі қызық. Ойыншығының әр бұрышына үңілген бүлдіршін тірек қимыл аппараты бұзылған балалардың қатарында.
Орталықтағы балғындарға мұндай қуанышты сыйлаған Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қордың вице-президенті Бақтияр Тілеуқабыловтың сөзінше, бала бауыр еті. Сондықтан әлемдегі әрбір бала сау-саламат, бақытты болып өсуге тиіс.
Бақтияр Тілеуқабылов, Т.Қауысбеков атындағы жеке қордың вице-президенті: «Қазір өмір сүру оңай емес. Мен мұнда бір ақ жәйтті айтқым келеді. Егер жағдайы сізден төмен адам баласын көрсеңіз, оған көмек беруге асығып тұрыңыз. Сонда сіз сүрген өмір мәнді болады. Осы ретте, мұқтажға көмек қолын создыруға ықпал етіп жүрген «Отырар» теларнасы мен «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» редакцияларының ұжымына алғыс айтқым келеді».
Оңалту орталығы жетекшілігінің мәліметінше, жыл сайын мекемеден мектепке өткізілетін балалардың 25 пайыздайы ауруынан аттай жазылып шығады екен. Демек, еткен енбек еш кетпейді деген сөз. Барлығы, ойын арқылы емдеудің арқасында дейді мамандар жағы.
Мейрамгүл Сейітжаппарова, Облыстық оңалту орталығының әлеуметтік маманы:
«Әрине, бұл ойыншықтар бізге өте қажет. Өйткені, осы ойыншықтар арқылы баланың даму процесі жүреді. Себебі, балабақша жасындағы балақайлар, тек ойын арқылы ғана танысып біледі. Ал бұл танымдық жүйені арттыратын ойыншылар болғандықтан біздің жұмысымызға жақсы әсерін тигізеді. Қайырымды істі ұйымдастырған жандарға рахмет. Мұндай сыйлар бізде жиі болмайды».