Облыста «Медиация туралы» Заң әлі де болса халыққа түсіндірілмей келеді. Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжінде өткен семинарда осы мәселе жөнінде кеңінен сөз болды. Жиында Оңтүстік Қазақстан облыстық соты, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының судьялары мен медиаторлар өзара пікір алмасып, ҚР «Медиация туралы» Заңның насихатталуы мен қолданылу аясын талқыға салды. Мәлім болғандай, бітімгершілік туралы заң өткен жылдың қаңтар айында қабылданғанымен, қарапайым халық бұдан бейхабар. Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының судьясы Клара Жаппасова осы жөнінде қынжылыс білдірді.

Клара ЖАППАСОВА, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы:

– Мен бұқаралық ақпарат құралдарында осы кезге дейін медиация жайында бірде-бір ақпарат көргенім жоқ. Бұл заң біздің қоғамға өте қажет. Бұрын ата-бабаларымыз даулы жағдайларды бітімгершілік жолмен шешкен. Сол себептен медиаторлардың қызметін халыққа егжей-тегжейлі түсіндіре білуіміз ләзім.