ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабы сондай. Олар шетел мамандарынан дәріс алуы керек. Алғашқы боп аттанған 100 мұғалімге Кембридж университетінің ұстаздары дәріс бермек. Сосын тағы 100-і барады. Бұл не үшін керек?
Осы оқудан өткен мұғалімдердің жалақысы көбейеді. 30%-ға. Жоғары санатты мұғалім атану үшін қажетті бұл міндетті қалай атқарады? Ол үшін ұстаздар не істеуі қажет? Енді соған тоқталайық.
Мектеп партасында отырған жеткіншектерге сапалы білім беріп, жас ұрпақтың санасын оятатын ұстаздар қауымына жүктелетін міндет ауыр. Олардың білім-біліктілігіне баға беріп, кәсіби қызметінің сәйкестігін тексеріп отыру уақыт талабы. Осы себептен «Назарбаев зияткерлік мектебі» ААҚ алдына үлкен мақсат қойып отыр. Зияткерлік мектеп жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы Ұлыбританияның әлемге әйгілі Кембридж университетімен бірлесіп, еліміздің жалпы орта мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеруді қолға алды.
Еліміздің әрбір аймағының оқытушылары жергілікті педагогикалық институттарда, педагогтардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орындарында білгір мамандардан дәріс тыңдай алады. Бағдарламаға қатысушылар үш айда 3 кезеңнен өтулері тиіс. Сәйкесінше, алғашқы айда білгір мамандардан дәріс тыңдаса, екінші айда алған білімін өз мектебінде тәжірибе жүзінде байқап көреді. Соңында білім-біліктілігін тексеру үшін емтихан тапсырады. Ал «қанағаттанарлық» деген баға алған оқытушылар ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы сертификатына ие болады.
Осы сынақтардан сүрінбей өткен ұстаздар қауымының жалақысы 30 %-ға көбеймек. Облыста мұғалімдер аталған дәріс бойынша Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының базасында білім алуда. Әзірге, 28 қатысушы алғашқы кезеңін аяқтап, алған білімдерін өз мектептерінде пысықтауға аттанған. Сонымен қатар, 96 оқытушы Астанада өз біліктілігін көтеруде. Белгілі болғандай, жыл соңына дейін облыстың 500-ге тарта мұғалімі әлемдік стандарттар бойынша дәріс тыңдайды. Бірінші маусымда 119 мұғалім білімін жетілдірсе, қыркүйекте басталатын екінші маусымда 389 мұғалімді оқыту көзделген. (бұл жайлы толық ақпаратты «Оңтүстік Рабат» газетінен оқи аласыз)
Сіз не дейсіз?
Нышан БАЙҒҰТОВ, ОҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Бұл бағдарламаның ұстаздар қауымына берер пайдасы мол. Бұған өңіріміздің кез-келген ұстазы қатыса алады. Оның бір артықшылығы, оқытушыларымыз әлемдік оқу теориясын жетік меңгеріп, жоғары білікті мамандардан дәріс тыңдайды. Осы арқылы балалардың әлемдегі оқу жүйелерімен танысып, жаңаша ойлау қабілеттері дамитын болады. Біз түптің-түбінде әлемдік оқу жүйесіне енуіміз керек.