Олимпиада жеңімпаздары

Республикалық олимпиададан 2 алтын, 7 күміс, 11 қола медальді жеңіп алып, командалық есепте 3-орынға ие болған оқушылар арнайы марапатқа ие болды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов республикалық додада облыс намысын қорғап келген жас білімпаздарға құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтар табыстады.

Облыс басшысының марапатына ие болған жеңімпаздардың қуанышында шек жоқ. Мойындарына таққан медальдары оңтүстіктің аты білім додасында да жаңғыра шыққанын дәлелдеп тұрғандай. Жиырма оқушыға бір-бір ноутбук сыйға берілді.

Асқар Мырзахметов,облыс әкімі: «Жастардың білімге ұмтылуы көңілге қонарлық. Олар мұнымен тоқтап қалмасы анық. Ендігі мақсат олимпиада жеңімпаздарына жағдай жасап, оларды дайындап отырған ұстаздарына құрмет көрстеу.Ертеңіміздің көзі ашық, көкірегі ояу болу үшін-бүгіннен бастап аянбай еңбек ету керек».

Басшылықтың көрсеткен құрметіне дән риза болғандардың бірі Серғазы Қалмұрзаев. Ол халықаралық математика пәнінен өткізілген олимпиаданың жеңімпазы, «Жас Пифагор» номинициясының иегері. Білім додаларында дәл бүгінгідей қатты толқымаған едім дейді.

Серғазы Қалмұрзаев, олимпида жеңімпазы: «Облыс әкімінің ерекше марапатына ие болу мен үшін арман еді. Бірінші рет қолынан бағалы сыйлық алдым. Жеткен жетістігіміз кішкентай болса да, елеп отырған Асқар Мырзахметовке мың алғыс».

Осындай білімді ұрпақты тәрбиелеп отырған мектептер де құр қалмады, марапаттан. Атап айтсақ, қаламыздағы №1 қазақ-түрік дарынды ер балалар лицейі «Ең үздік олимпиада мектебі» атанса, Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 гимназия «Ең үздік жаңашыл мектеп» номинациясына ие болды.

Шолпан Бейсенбаева,№8 гимназияның директоры:«Бұл жалғыз оқушылардың ғана емес, барлық ұстаздардың жеңісі. Биылғы жыл біздің мектеп үшін, табысы мол жыл болды. «Ең үздік жаңашыл мектеп» атауын ары қарай алып жүру үшін-еңбектенеміз ерінбей».

Салтанатты жиын соңында оқушылар облыс басшысына білім саласын дамыту турасында өз ұсыныстарын айтып, талап-тілегін жеткізді.