Түркістан облысында ардагерлерге 900 млн теңге қаралған

27
фото: ТОӘБҚ

Халықаралық қарттар күні Түркістанда да аталып өтті. 150-ге жуық ардагердің басын қосқан шарада өңір дамуына үлес қосқан жандар құрметке бөленді. Сонымен қатар, салтанатты жиында ардагерлер үйі туралы тың ақпарат та айтылды.

Түркістанда 200 мыңға тарта зейнеткер бар. Бүгін халықаралық қарттар күніне орай 150-ден астам ардагердің қатысуымен арнайы салтанатты іс шара өтті. Онда ел қазынасы — қарияларға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар жауаптылар, айтулы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін 900 млн. теңге бөлінгенін айтады. Одан бөлек демеушілер тарапынан да қолдау көрсетілген.

«Әлеуметтік қолдау, медициналық көмек алуға 902 миллион теңге қаржы қаралған. Демеушілер есебінен 32 мың ардагерге 282 миллион теңге қаржы көмек берілді. Өңірлеріміздің ардагерлер қозғалысына қоса ерекше үлес үшін өткен жылы 120 ардагерлеріміз әртүрлі санаттағы марапаттарға ие болды. Облысымыздағы жаңа айтып кетті. Барлық аудан, қалаларда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істеп тұр», — дейді «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.

Ардагерлер ұйымы жыл бойы жастар тәрбиесі мен қоғам бірлігі тақырыбында түрлі іс шара өткізіп, ел татулығына ат салысып жүргендерін жеткізді.

«Ақпан айында бүкіл аудандарды, этнос көп орналасқан ауылдарды аралап шықтық. Одан маусым-шілде айында араладық. Сол кезде біз көптеген жастармен кездестік. Биылғы кездесуде 75-80 пайыз жастар болды. Олардың әңгімесін тыңдадық. Осы кезде біз көп нәрсеге көңіл аудардық. Себебі жастарды тәрбиелеуде әлі де бізде біраз жұмыстарды қажет ететіні байқалып отыр. Мына ең соңғы аралауда медиация мәселесіне көп көңіл бөлдік», — дейді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов.

Зейнеткерлер уақытын тиімді пайдаланып, қоғам өміріне белсенді араласуы үшін өңірде 15 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Оның 3-еуі Түркістан қаласында орналасқан. Енді облыс басшысы ардагерлер үйін Күнгей шаһарға көшіру жоспарда бар екенін атап өтті.

«Қадірменді, аға буын, біз қазыналы қартын сыйлаған текті елдің ұрпағымыз. Және де бізде. Мынау Шымкент қаласында «Ардагерлер үйіміз» қалып отыр. Оны облыстың төңірегіне көшіруді қазір қарастырып отырмыз. Егер де сол жоспарымыз іске асса, жаңадан жаңа нысандарымызды пайдалануға беріп, Шымкенттен бері қарай көшіреміз. Атаның ақылымен, әжелеріміздің ақ батасымен өсіп-өнген халықпыз. Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, мейірімді жүздеріңізді көргеніме мен қуаныштымын. Өңір басшысы ғана емес, елдің перзенті ретінде сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймын және құрметтеймін. Жалғыз біз емес, бүкіл біздің облыс басшылары, аппараттары барлығы сол ұстанымдамыз. Қасиетті Түркістанымызды дамытуды сіздердің ақыл-кеңестеріңіз біз үшін өте маңызды. Сіздерге, отбасыларыңыз бен ұрпақтарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, өңірде 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккері бар. Сонымен қатар жасы 100-ден асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ең үлкені 110-дағы әжей. Ал шараға шақырылған азаматтарға арнайы марапат беріліп, құрмет көрсетілді.