Шымкент көшелері базарға айналып барады

319

Қала көшелерін заңсыз сауда қатарына айналдырған саудагерлермен кезекті рет күрес басталды. Одан нәтиженің шығар шақпасын шенеуніктердің өздері де білмейді. Себебі, аудан әкімдіктерінің құзырында заң бұзғандарға әкімшілік шара көру қаралмаған. Ал айыппұл салу жағын экономика басқармасы елемей жүрген сияқты.

Бүгінгі шарада қалалық мәслихат депутаттарынан басқа бірде-бір құзырлы мекеме мамандарының қарасы көрінбеді. Полицейлер, СЭС мамандары мен облыстық экономика басқармасының қызметкерлері қатысқан жоқ. Ал әкімшілік құқық кодексінің 165-бабына сәйкес заңсыз сауда жасағандарға шара көретін тап осы мамандар.

Еңбекші аудандық әкімдігі мамандарының көшеге жағалай жайғасқан саудагерлермен кездесуі алғаш рет емес. Осыдан бірнеше күн бұрын арнайы жиын өткізіп, «Айна», «Көктем» және «Исатай» базарларымен мемарандум жасалған. Сөйтіп, саудагерлерге тегін орын беретіндігі жайында хабарланған. Алайда, сауда жасаушылардың айтатын желеулері жетіп жатыр.

Бір қызығы, заңсыз саудамен жиі күресетін Еңбекші және Әл Фараби аудандық әкімдігі өткен жылы тап 5-сәуір күні де дәл осындай рейд өткізіпті. Тек жан-жақтан жауапсыздық танытқан құзырлы басқарма мен бөлімдердің арасындағы жұмыс күшеймей заңсыз сауданы жою мүмкін еместігі бүгін кезекті мәрте дәлелденді.