Әл-Фараби ауданының әкімі көшеде заңсыз сауда жасайтын кәсіпкерлермен күресті бастады

Әл-Фараби ауданының әкімдігі құрылыс заттарын жайма базар етіп сатумен айналысатындармен күресуді бастады. Рашидов көшесінде көптеген жылдар бойы құрылыс тауарлары сатылып келеді. Кәсіпкерлердің дүкеннің жұмыс істеуіне арналған құжаты бар, дегенмен басым бөлігінде материалдары сыртқа шығарып, көшені жабуға құқығы жоқ дейді жауаптылар. 

Әл-Фараби ауданындағы Рашидов көшесінде кәсіпкерлер заңсыз бизнесін жалғастыруда. Олар дүкен алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолды шағын базарға айналдырып алған. Мұнда әртүрлі құрылыс материалдары сатылады. Тіпті үлкен жүк көліктерімен тауар келгенде жолды жауып, тұрғындар қозғалысына кедергі келтіреді. Жергілікті билік өкілдері, қоқыстың көп жиналатынын, көшеде тәртіп пен тазалықтың жоқ екенін айтады.

Заңсыз сауда мәселесін шешу үшін кәсіпкерлерге уақыт берілді. Олар дүкендегі саудасын жалғастыра береді. Тек жолды жапқан немесе заңсыз жерде тұрған тауарларды алып тастауы қажет.

Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Заңға сәйкес не қаралған, бәрін сата берсін. Заңсыз аумақты қоршап, сауда-саттық жасауға болмайды. Бұл кісілерге ескертіп жатырмыз екі апта болды. Түсіндірдік, тағы екі күн беріп жатырмыз алып кетуге. Мына жерде көгалды толық жауып алған. Көліктерді заңсыз қойып тастаған. Бұл жерде автотұраққа рұқсат берілмеген. Талды кесіп, өздері бетондап алған».

Айта кетейік, алдағы уақытта Шымкенттегі құрылыс заттарын сататын дүкендер қала сыртына шығарылады. Бұл туралы қоғамдық кеңес отырысында мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді. Сөзінше, қаланың сырт аумағында 5 құрылыс базары салынады. Сонда бүгінгі күні қаланың көркін қашырып, көшелерді тарылтқан сауда нысандары өз жұмыстарын сол жақта, яғни қала сыртында жағастыратын болады.