Шымкентте жетпістен асқан зейнеткер бүгін өзін өзі өртемек болды. Осылайша ол еліміздегі барлық құзырлы органдардың жұмысына наразылығын білдіріп, жұртты өзіне қаратуға әрекеттенді. Басындағы баспанасынан айрылған кейуана бес жылдан бері ешбір жерден әділдік таппай келетінін айтып ашынады.
Сөйтіп, 5 сәуір күні, таңертеңнен Шымкенттің барлық шұғыл әрекет ету қызметі аяғынан тік тұрып, өзін-өзі өртемек болған зейнеткердің үйіне ағылды. Ішкі істер органы мен құтқарушылар, қала берді өрт сөндірушілер бәрі де сонда. Бастапқыда үлкен көшеге шығып өзіне қол салмақ болған зейнеткерді тәртіп сақшылары әзең дегенде үйіне кіруге көндірді. Ал психологтар кейуананы барынша жұбатып бақты.
Клара ҮСЕНОВА, ОҚО ТЖД құтқарушы-психологі: «Біз келгенде оның қолында екі баклашка жанар майы мен сіріңкесі болды. Әрі қатты ашуланып тұрған еді. Зейнеткердің күштілігі соншалық, оны бірнеше ер азамат та жұбата алмады. Ашуын әрең бастық. Бастысы, ол жұртқа өзінің мәселесін жария еткісі келеді екен».
Зейнеткер мұндай қадамға баспана мәселесіне байланысты барғанын айтады. 2007 жылы тұрғын үйін Болдықыз Аяпбергенова деген азаматшаға сатқан. Кейін ақшасын толық ала-алмауына байланысты сату-сатып алу туралы келісім шартты бұздырыпты. Алайда сатып алған азаматша берген ақшасын қайтарып алу үшін сотқа талап арыз түсірген. Оны соттар қанағаттандырған. Зейнеткер болса ондай ақшаны алмадым деп тиісті сомманы қайтарудан бас тартқан. Қазір сот орындаушылар баспанасын босатуды талап етуде. Осы мәселеге орай, ол қанша рет прокурорларға да, соттар мен ішкі істер қызметкерлеріне көмек сұрап барғанымен ешбір жерден әділдік таппадым деп отыр.
Гүлзинат ҚАДЫРБЕКОВА, зейнеткер: «Менің ойлағаным тек қана осындай мәселелермен өлсем, осы келген азаматтар далаға тастамайды. Сол себептен ғана. Демек, тірі кезімде менің шамам келмеді.
Жиырмадан астам сот процесінде жеңіліс тапқан Гүлзинат Қадырбекова енді мүгедек ұлы мен немерелерін ертіп, баспананы босатуға мәжбүр. Құзырлы орган қызметкерлері осылайша зейнеткердің арызын тыңдап отырғанда, қатарға тағы бес адам қосылған. Ал облыстық прокуратура қызметкерлері болса дауға айналған оның баспана мәселесін ертең қараймыз деп уәде берді.
Руслан ӘБДІРАЙЫМОВ, ОҚО Прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары: «Жаңадан ашылған мән-жайларда іс-құжаттар келтіруіне байланысты іс құжаттарымен танысайық. Егер жаңадан ашылған мән-жайлар болатын болса, оған процесуалды шешім қабылданатын болады. Ал бұған дейінгі арыздары негізінде қаралып келген. Қолданыстағы заң шеңбері аясында түсіндіріліп келген».
Егер бір аптаның көлемінде баспана мәселесі кейуананың пайдасына шешілмесе ол өзін шынында да өртеймін деп құлшынып отыр.