Шымкенттік жастардың өнері миллион теңгеге бағаланды

383
Шымкенттік жастар оза шапты

«Миллион кімге бұйырады» Қомақты қаржы үшін сайысқа түскен байқау биыл облыста «Менің Қазақстаным-Менің елім» тақырыбы аясында өрбіді. «Өркенде өрле елім» ұранымен ұлықталатын шараға аудан-қалалардағы мектептің белсенді оқушыларынан құралған 15 құрама қатысып, үш кезең бойынша бақ сынасты.

Бірінші кезеңде топ мүшелерінің «Менің Қазақстаным-менің елім» тақырыбындағы суреттер, қол өнер көрмесі өткізілді. Әрбір оқушы өз қолымен жасаған дүнесін қорғап бақты. Келушілердің көз жауын алатын көрмеде сайрамдық оқушылардың саз балшықтан жасаған ұлттық нақыштағы заттары мен сарыағаштық суретші қыз Роза Тәжібаеваның көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты. Мойындау керек, байқауға қатысушы барлық топ, ерекше дайындығымен келіпті, бұл жылы.

Екінші кезеңде ой түбіндегі сөз маржанын терген қызыл тіл шеберлерінің сөз құдіретін сәлемдесу мен қойылым арқылы паш ете білген өнерлі топтары да осал еместігін байқатты, Ал, шешуші үшінші кезеңде «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» тақырыбындағы әдеби-шығармашылық байқауда көңілді тапқырлар клубы және би, жеке орындаушылар мен вокалды топтар өз таңдауларындағы өнер түрін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

Сан таланттар бәйгеге түсіп, бақ сынаған феситвальдің үш кезеңінен де сүрінбей өткен Шымкент қаласының Ғибрат тобы 1-орынды жеңіп алды. Топтың әрбір мүшесіне 85 мың теңгеден тиесілі болатын мұндай қомақты ақшалай жүлдеге қол жеткізу оңай болмағандығын айтады жеңімпаздар.

Ғибрат тобы: «Бұл біздің ғана емес, барлық шымкенттіктердің жеңісі. Өнер мен білімді серік етіп, патриоттық рухта бой түзеп келе жатқанымыз ең бірінші ұзтаздарымыздың арқасы».

«Менің Қазақстаным-менің елім» атты облыстық байқаудың жүлделі екінші орыны-Сайрам ауданының Мұрагер тобына бұйырды. Ал түлкібастық «Атамекен» тобы-3-орынды місе тұтты. «Байқау ешқандай бұрамасыз, әділ өтті. Өнерлі өскелең ұрпаққа қарап, бір жасап қалдым. Әсіресе, сарыағаштық Роза қызымыздың өнері ерекше көзге түсті. Ал сайрамдық Ақмарал есімді қызымыз көп тілді меңгеруімен, алғыплығымен біздерді таң қалдырды»-дейді қазылар төрайымы- Маржан Есжанова.

Өнер додасына қатысқан барлық құрама арнайы дипломмен және алтын асықпен марапатталды. Доданың ең өнерлі оқушысы болып, сарыағаштық Роза Тәжібаева танылды. Жерлесіміз Бекқұлов Бағлан-үздік сазгер атанса, кентаулық шәкірттер олимпиада орталығының ақшалай сыйлығына ие болды.