Су құбыры жүргізілгенімен суы жоқ ауыл бар

520

Бадам 1, 2, 3 елдімекенінің тұрғындары өздері сайлаған депутаттың жұмысына разы емес. Гүлісман көшесінің тұрғындары 5 жылдан бері ауыз суға жарымай отырғандарын айтып арнамызға хабарласты. Осыдан үш жыл бұрын 250 үйге су құбырлары тартылған. Алайда суға жарып отырғанымыз шамалы деп ашынады тұрғындар.

Осыдан екі жыл бұрынғы  Құдықтан лай суды ішіп шаршаған Бадамдық тұрғындар шыдамдарының таусылғандығын айтып шырылдаған. Өкінішке орай бұл жәйт жауаптыларды селт еткізбеді. Бұл жәйттен кейін арада екі жыл уақыт өткенімен әлі өзгеріс жоқ. Тұрғындардың соңғы үміті шағын аудан атынан сайланатын депутат та еді. Алайда, халық қалаулылары қарапайым халықтың проблемасын шешпек түгілі, оларды тыңдауға да ниет білдірмеген.

Бадамдағы Гүлисман көшесіне су құбырын тарту жұмысы 2009 жылы басталып, 5 шақырым жерге 55 миллион теңге қаражат жұмсалды. Алайда, құбырлар жүргізілгенімен, тұрғындар оның шарапатын көріп отырған жоқ. Ал ауыл тұрғындарының жазған арыздарына жергілікті билік өкілдері жауап хат жазумен ғана шектеліп отыр.

Ауызсудан бөлек мұндағы тағы бір мәселе қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы. Жерлестеріміз 4 жылдан бері аптап ыстық пен қақаған аязда бірнеше шақырым жерді жаяу жүрге мәжбүр. Ал қала әкімінің көлік бөлімінің мамандары көшеге қатынайтын автобус таба алмай жатқандарын айтып ақталып отыр.