Жастар арасындағы жұмыссыздыққа жастардың өзі кінәлі. Мұндай мәлімдемені қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов жасап отыр. Көкейтесті мәселені ол бір күндік жұмыспен қамту жәрмеңкесінде көтерді. Бүгінгі таңда бір ғана Шымкент қаласының өзінде дипломы бар мыңдаған жас бар. Олар жоғары оқу орнын бітірді деген қағазын тек жұмысқа орналасты деген анықтамасымен ғана алады.
Жұмысқа орналаспайынша диплом жоқ. Бұл Шымкент қаласындағы кейбір жоғары оқу орындарының үрдісі. Мұны жұмыссыздықпен күресудің бірден-бір жолы деп түсіндіреді әкімдіктегілер. Алайда, арманындағы мамандықтың көк қағазын, жұмыс орнынан анықтама әкелмей, студенттер ала аламайды. Ол үшін өтірік айтуға мәжбүр.
Бахадыр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: «Дипломын алардан бұрын бітіруші түлек жұмысқа орналасты деген анықтама әкелуі тиіс. Сонда ғана дипломы беріледі. Бұл соңғы уақытта жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың жұмыссыз қалмауы үшін жасалған жағдай. Алайда, біздің жастар әкелген анықтаманы жіті қадағалап, зерттеп отырған ешкім жоқ. Сондықтан болар, олардың арасында дипломды жұмыссыздар өте көп. Артынша тексере барсаңыз жас маманның ол жерде бір күнде жұмыс істемегені анықталады».
Оңтүстіктегі мыңдаған жұмыссызға арнайы жұмысқа орналастыру жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шымкенттегі түрлі мекемелер 1119 жұмыс орнын ұсынды. Әкімдіктің берген мәліметіне сүйенсек, биыл да техникалық мамандықтарға сұраныстар көп болған.
Жәрмеңкеде ұсынылған жоғары жалақы-140 мың теңге. Ол-жүргізушілер үшін. Ал ең төменгісі-әлеуметтік жұмыскерлердікі болды, яғни-20 мың теңге. Жәрмеңкенің соңында 2 мыңға жуық азамат жұмыс тапты.