Шымкенттік ару әлемнің үздік 4 университетіне жолдама алды

86

Шымкенттік дарынды қыз 4 бірдей әлемнің үздің университетіне жолдама ұтып алды. Мұхамед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп гимназияның шәкірті Адия Райымқұл биоинженерия, генетика мамандығын таңдап отыр. Шетелде білім алуды қалайтын ару, болашақта ел дамуына өз үлесімді қоссам дейді.

Мұхамед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп гимназиясының үздік шәкірті Адия Райымқұл әлемнің 4 бірдей үздік университетіне оқуға жолдама алды. Оның бірі әлемнің топ 20-лығына енетін Висконсия университеті. Дарынды қыз әлі тағы да Австрия еліндегі ЖОО-нан жауап күтіп жүргенін айтады. Ол биоинженерия, генетика, био-химия мамандықтарын таңдап отыр.

Адия Райымқұл, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазір мен 4 университетке қабылдандым. Соның ішінде екеуі АҚШ-та, біреуі Эстонияда, тағы өзіміздің Назарбаев университеті. Әр университетте әртүрлі шарттар қойылған. Бірақ көбінесе ағылшын тілін жақсы білу керек. Атап айтқанда АҚШ, Эстония, Австрияға да. Көбіне ақпараттар интернетте тұр. Соларды қарадым. Түрлі емтихан тапсырдым».

№8 гимназияның мақтанышы білім саласынан бөлек, спортта да үздік. Ол көркем гимнастикадан спорт шеберіне үміткер. 10 жылдан аса уақыт бойы гимнастикамен айналысып келе жатқан Адия бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанған.

Адия Райымқұл, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен Көркем гимнастикадан спорт шеберіне үтімкермін. Және түрлі жарыстарға қатысқанмын. Қазір көркем гимнастикамен кәсіби деңгейде айналыспай қойдым. Себебі көп уақытымды сабаққа, тілдерді үйренуге арнап жатырмын»

Адия 4 тілді еркін меңгерген. Атап айтқанда қазақша, орысша, ағылшынша, немісше сөйлей алады. Тіпті неміс тілінен Гёте Институты ұйымдастарған халықаралық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанған. Ал ұстаздары дарынды шәкіртінің кішкентай кезінен білімге құштар екенін айтады.

Аниза Қадиева, сынып жетекшісі: «Адия кішкентай ғана болса да, ізденімпаз қыз болды. Біз Адияға 1 тапсырма берсек, ол бір тапсырманы ғана емес, 2-3 есе етіп орындап келетін. Жан-жақтан ізденіп, жан-жақты ақпарат жинап кететін еді»

Айта кетейік, білім ұясынан биыл 128 оқушы түлеп ұшады. Оның 7-еуі алтын белгіге, 14-і үздік аттестатқа үміткер. Сонымен қатар Адия Райымқұлмен бірге тағы 8 оқушы шетелде білім алуға жолдама ұтып алған.