Кеңес өкіметінің 1924 – 1953 жылдардағы басшысы, 15 Республикадан тұрған. Одақты жеке дара билеген Сталин қазақ халқына өте ауыр қасірет әкелгені тарихтан мәлім. Кезінде, Лениннің өзі Сталиннің кемшіліктері туралы «Өсиеттер» атты хаттарында жазған болатын. Сондай – ақ, Сталин жайлы Н.С.Хрущев ХХ съезде баяндама жасап, Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерлеп, былай деген болатын: «Біз Сталиннің тұсында орын алған, басқалардың пікірлерімен бүтіндей санаспау, оның нұсқауларына қайшы келетіндердің барлығына өзіне тән күдікшілікпен және қаталдықпен, дөрекі күшпен қысым жасаған тап осыған ұқсас әрекеттердің қандайының болса да қайта туу мүмкіндіктеріне жол бермеу үшін, бұл мәселені мұхият зерттеуге және дұрыс қорытындылауға тиіспіз…»
Сталин билік еткен жылдары қандай қателіктер жасады десек, онда біріншіден, ол Ленин бастап кеткен жаңа экономиялық саясат бағдарламасын, жер – су реформаларын аяқсыз қалдырып, оның орнына бай-кулактарды, орташыларды, қазақ зиялыларын қудалау басталды.
Жер – су реформасының мақсаты, қазақтарға жерлерін қайтару болатын, бірақ бұл саясат аяғына дейін орындалмады. Себебі, 1920 жылдардың аяғына қарай ұжымдастыру науқаны басталып кеткен болатын. Бұл Сталиндік социализмнің ең сауатсыз тәжірбиесінің бірі болатын. Бұл тәжірбиені Қазақстанда іске асырушы сол кездегі Қазақ өлкелік партия ұйымының басшысы, шаш ал десе бас алатын – Голощекин ( 1925 – 1933 ж. ) болатын. Билікке келген Голощекин, елімізде «Кіші Қазан» төңкерісін жасады. Мұны Сталиннің басшылығымен болған «Сталиндік социализмнің Қазақстандағы голощекиндік социализмі» деп атасақ та болады. Голощекиннің бұл саясатына көрнекті қоғам қайраткерлері С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Н. Нұрмақов т.б. қарсылықтарын білдіріп, мұны қазақ ауылында «азамат соғысын» тудыру әрекеті есебінде бағалады. Голощекин, өзін қолдамайтындар және қарсы болғандарға «Оңшыл коммунистер», «Қазақ ұлтшылдары», — деген айдар тақты. Кейіннен бұларға «жікшілдер тобы» деген айып тағылып, қуғын – сүргін басталып та кетті.
Ленин, ұжымдастыруды асықпай, біртіндеп, бірнеше ондаған жылдарда іске асыру қажет деп жоспарлаған, ал Сталин ұжымдастыруды 4 – 5 жылдың көлемінде орындауға тапсырма берді. Ал, Голощекин бастаған топ: «2 – 3 жылдың көлемінде орындаймыз», — деп міндеттеме қабылдаған.
Олар жеке шаруа қожалықтарын тезірек ірі шаруашылықтарға біріктірсек, соғырлым шаруашылықты тез өркендетеміз деп есептеді. Сол себепті, бүкіл елді бірнеше аймаққа бөліп, әрқайсысына ұжымдастырудың басталу және аяқталу уақытын белгілеп берді.
Сондықтан, жергілікті «шолақ белсенділер» ұжымдастыруды ерекше қарқынмен жүргізді. «Қазақстанды ұжымдарға біріктіреміз және отырықшыландырамыз», — деген Сталиндік социализмнің тәжірибесі сәтсіз аяқталып, үлкен қасіретке әкелді. Бұл қасірет моңғол, жоңғар шапқыншылығының қасіретінен де асып түсті.
Сталин, Голощекин жіберген қателіктерін басқаларға жабу арқылы «халық жауларын» іздеу науқанын жүргізіп, халықтың толқуын басуға тырысты. Ол өз нәтижесін берді де. «Оңшыл оппортунистер» деген айыпқа енді «буржуазииялық ұлтшылдар» деген айып тағылып, бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағып, олар 1928 жылы қамауға алынды. Олардың арасында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов және басқалар бар еді.
Құрамында М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов. Ж.Ақбаев және басқалары бар ұлттық зиялылардың екінші тобы (40 адамдай) 1930 жылдың қыркүйек – қазанында қамауға алынды. Бұлардың барлығы дерлік 1937 – 1938 жылдардағы қанды қасаптан құтыла алмай, жазықсыз жазаланды.
Елде сталиндік: «Социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі», — деген теориясы үстемдік ете бастады. Алғашқылардың бірі болып жазаланған, кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ж.Аймауытов еді. Оған, 1930 жылдың 4 сәуірінде ату жазасына үкім шығарды, кейін үкім өзгертіліп 10 жыл қамауға ауыстырылды. 1935 жылы 5 қазанда Ресейдің түкпіріндегі Соловки лагерінде қайтыс болды.
Міне, осылай қазақ зиялыларының көзін жою басталып кеткен болатын.
Қазақстан лагерлер өлкесіне айналып: «Карлаг», «Степлаг», «АЛЖИР» т.б. ондаған лагерлер құрылды.
Сталиндік социализм кезінде 101 мың қазақстандық «ГУЛАГ» – қа жабылып, оның 27 мыңы атылды.
Қазақстан партия ұйымында «меңдешевшілік» , «қожановшылық», «сейфуллиншілдік» деп аталатын айдарлар да тағылып, партия ұйымдарын қудалау жүргізілген болатын. Олар, негізінен троцкийшілердің оңшыл және «ұлтшыл ауытқушылардың» қатарында болды немесе соларға жаны ашыды деп айыпталды.
1937 – 1938 жылдардағы саяси қуғын – сүргін саясатынан кеңес өкіметін орнату жолында коммунистік идеяның салтанат құру жолында аянбай күрескендер де құтыла алмады. Мысалы: 1917 жылдан партия мүшесі, Қазақстан өлкелік Партия ұйымының 1933 жылдан басшысы болған Л.И.Мирзоян да қуғын – сүргін құрбаны болды.
Сталиндік социализмнің екінші қателігі – халықтар депортациясы. Кеңестік халықтарды күштеп ата – мекенінен көшіру жоспарлы және құпия түрде іске асырылды. Сталиндік шешімдер Одақтас Республикалардың Ата заңдарындағы азаматтардың ұлтына, жеке басына қарамай, тұрғын үйлеріне ешкімнің қол сұғуына болмайтындығы туралы берілген кепілдіктерін өрескел бұзып отырды.
Алғашқы жер аударылуға ұшыраған Украинаның шекаралық аймағын мекендеген поляктар болды. 1936 жылдың 28 сәуірінде оларды Қазақстанға жер аудару туралы қаулы қабылданды.
1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға 95903 Корейлер жер аударылды. Осы жылдың соңында Корейлермен қатар Оңтүстік шекара аймағынан курдтер, ассириялықтар, ирандықтар және түріктер көшірілді. Шекара аймағын мекендеген бұл халықтар «сенімсіздер» қатарына жатқызылды.
Барлық күштеп жер аударылған халықтардың арасындағы ірі ұлттық топ – немістер болды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін екі айдан соң, 28 тамызда Қазақстанға 361 мың Поволжье немістері жер аударылды. 1941 – 1942 жылдары 1,5 миллионға жуық немістер жер аударылып, соның жартысынан астамы Қазақстанға көшірілді. Сонымен бірге жер аудару Латвия, Литва, Эстония, Молдовия халықтарына жүргізіліп, олардың басым бөлігі Қазақстанға күштеп көшірілген болатын. Барлық жер аударылғандардың азаматтық құқығына шектеу қойылды. Олар шахталарда, құрылыста, қорғаныс өнеркәсіптерінде, ағаш даярлау ормандарында т.б. жерлерде лагерлердегі тұтқындар сияқты ұсталды.
Халықтарды күштеп жер аудару Ұлы Отан соғысы жылдарында жалғасын тапты. «сенімсіз» халықтар деп Солтүстік Кавказ бен Қырым аймағындағы аз ұлттарды жаппай жазалау басталды. Яғни, 1943 жылдың қазан айында қарашайларды, Қырым татарларын, ал 1944 жылы курділер, түріктер, шешендер, ингуштар, балқарларды жер аудару туралы қаулы шықты. Олардың негізгі бөлігі Қазақстанға әкелінді.
Сонымен, 1930 – 1940 жылдардағы халыққа, оның ішінде жеке ұлттарға қарсы бағытталған қуғын – сүргін, осы кезеңдегі жүргізілген сталиндік саясаттың құрамдас бөлігі болды. Мұндай заңсыздықтар адам құқығын аяққа басу, яғни халықтарды күштеп жер аудару, кейбір ұлттық мемлекеттік автономиялық құрылымдарды жою, көп жағдайда, Сталиннің субьективтік шешімімен жүзеге асырылып отырды.
Сталиндік социализмнің келесі өрескел әрекеті және қателігі – орыстандыру саясаты. 1928 жылы Қазақстанда қолданыста болған араб әрпі латын әріпімен ауыстырылды. Бұл саясатына А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары қарсы шықты. Олар, бұл саясаттың түпкі астары қандай саяси – иделогиялық мақсат көздейтінін жақсы түсінді.
Латын жазуына көшу, уақытша көзбояушылық шара екенін, бәрі – бір түптің түбінде орыстандырудың кілті болған орыс алфавитіне түсіретінін, олар сезді.
Ең қауіпті де, зиянды нәрсе, мың жылдан астам уақыт бойы қолданыста болған, тарихы мен ой – санасы, рухани қазына көздері, өнер туындылары араб жазуымен қалыптасқан, әрі халықтың тарихи жадын қорландырып келген жазу мәдениетінен айыру – қазақ халқын қатты қансыратты.
Нәтижесінде, араб жазуымен жазылған ата – баба мұрасын, рухани байлығын игеруге мүмкіндік болмай қалды.
1920 – 1930 жылдары араб әрпімен шыққан басылымдарды пайдаланғандар «пантюркист», «панисламист», деп жарияланып , қудалауға ұшырады. Ақыры 1940 жылы орыс алфавитін ендірумен аяқталды.
Сөйтіп, жүздеген жылдар бойы патшалық Ресей ендіре алмаған орыс алфавитін, Сталин бастаған топ 10 – 12 жылдың ішінде енгізді. Бұл да қазақ халқының құқықтарын аяққа басқан, Сталиндік социализмнің тағы бір өрескел көрінісі еді.
Сталиндік социализм кеңес халқына, әсіресе қазақ халқына өте қымбатқа түсті. 2 миллионнан аса қазақ қырылды. Аман қалғандары басқа республикалар мен елдерге көшіп кетуге мәжбүр болды. Қаншама отбасы ойрандалды. Жақын туған – туыстарынан айырылған адамдар мен жетім – жесірлердің көрген тауқыметтерін, көз жастарын ұмыту мүмкін емес.
Қазақ халқының басына түскен нәубәт күндерді ұмытпау үшін және еске алып отыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылы 31 мамырда: «Қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күні» — деп белгілеген қаулысы шықты. Биыл, 1937 – 1938 жылғы Сталиндік қуғын – сүргінге 75 жыл толып отыр. Сондықтан, сол қуғын – сүргін құрбандарын, қолдан жасалынған ашаршылықта қаза тапқандарды, жазықсыз жапа шеккендерді біз ешқашан ұмытпауымыз керек.
Жұмәлі Сазабаев,
Сайрам ауданы, А.Байтұрсынов
атындағы №83 мектептің мұғалімі.
Артық болмас білгенің…
1930-1932 жылдары саяси сауатсыз жүргізілген ұжымдастырудың кесірінен орын алған ашаршалықтан 2,1 млн. адам аштан өлді. Оның 1,5 млн. қазақтар еді.