Жер телімі үшін жақындарын жер жастандырды

28 –ші наурызда сағат шамамен 13:00-де Сайрам АІІБ-ның кезекші бөліміне Қарабұлақ ауылындағы орталық ауруханаға 1964 жылы туған Х. деген азамат пен оның 1989 жылы туған ұлы оқ тиіп түскені, көп ұзамай олардың қайтыс болғаны жайлы хабар түскен.

 Бүгінгідей жердің құны аспандап тұрған шақта, әр сүйем жер үшін жанын құрбандыққа шалудан тайынбайтындар бар. Жер дауы жесір дауын артқа тастап, өкінішті оқиғаларға да куә болып жүрміз.

Мына оқиға естіген елдің жағасын ұстатты. Басқа-басқа, етжақын туыстарын жерге бола өлтіру… Немесе, өлтіртуге мәжбүр етті ме, екен? Бұл енді құқық қорғау органдарының құзырындағы мәселе болғандықтан, оқиғаның қалай туындағаны жөнінде қысқаша айтып өтелік.

Ағайындылардың арасындағы жер дауы әкелері дүние салған соң басталады. Ұлдарына мұраға қалған 8 гектар жер бір аумақта орналасқандықтан, бауырлардың арасында жиі келіспеушіліктер туындап жатты.

Айбек:

— Алдымен баласын аттым. Сосын, ағам келіп мені таспен ұрмақ болды. Сол кезде мен өзімді қорғап қалу үшін оған қарай оқ атып, ол жерден қашып кеттім. Содан соң мылтықты ауыл іргесіндегі арыққа тығып қойдым. Кейін полйция қызметкерлері келіп, мені алып кетті.

45 жастағы Н. 47 жасар Х. деген ағасы мен оның баласынан көресінді көрді. Әр жолыққан сайын інісін балаларымен қосыла, енді қайтып жерге жоламас үшін сабап жіберу ағаның әдетіне айналады. Соңғы мәрте оны автокөліктің белтемірімен де ұрғанға ұқсайды. Мұндай қиянатқа төзбеген Н. үйіндегі аңшы мылтығын оғымен қоса көлігіне салып, жер жырту үшін өзіне тиесілі алқапқа тағы келеді. Ағасының баласы жер жыртып жүрген тракторды тоқтатпақ болғанда, көзіне қан толған Н. Көліктің жүксалғышынан мылтықты алып, немере інісін атып салған. Көмекке ұмтылған әкесі де нысанаға ілініп, ауыр жараланады.

Нуриддин Дауылбаев, ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы:

 — Оқиға болған жерге ОҚО ІІД-нің басшы құрамы және Сайрам АІІБ-ның шұғыл-тергеу тобы келіп тексеру, қарау кезінде 3-дана қанға ұқсас сұйықтық тампоны, 1 дана асхана пышағы, және қанға ұқсас дақтары бар автокөлік белтемірі айғақтық зат ретінде тәркіленіп алынды. Қылмыстың ауырлығы ескеріле отырып, жедел іздеу шарасы қолға алынды. Нәтижесінде, осы қылмысқа күдікті ретінде Сайрам ауданының 1967 жылы туған тұрғыны анықталып, ұсталды.

Туысқандарын атып өлтірген 45 жастағы азаматтың үстінен ҚР ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек күдікті бұған дейін сотты болмаған. Қазір айып тағу дәлелдемелері толықтай жиналып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.