Жолаушылар тасымалы мәселесіне дұрыстап көңіл бөлмесе, жазым болып жатқандардың санын азайту мүмкін емес. Бүгін қалалық әкімдікте өткен жиында көлік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев осылай деп мәлімдеді. Қалааралық жолаушылар тасымалдау саласында күрмеуі күрделі түйткілдер жетерлік. Оны шешу үшін 5 аймақтың мамандары жиналып, түйінін тарқатуға тырысты.

Бұл жиынды ұйымдастыруға қалааралық автобустардың апатқа жиі ұшырауы түрткі болған. Жол көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың да қатары қалыңдап барады. Оған негізгі себептердің бірі жолаушылар тасымалы саласында жүйелі жұмыстың жоқтығы. Куәліксіз бағытқа шығу, медициналық тексеруге пысқырмау, қозғалыс сызбасын сақтамау, жол ережелерін өрескел бұзу сияқты көптеген кемшіліктердің кесірінен бірқатар отбасылардың қара жамылып қалып жатқаны жасырын емес. Бүгінгі жиында осы мәселелер талқы таразысына түсті.

Жасыратыны жоқ, бүгінде облысымызда жұмысы жүйеге алынбаған 11 тұрақ тіркеуде тұр. Дәл солардан қазір күнделікті 40-45 автобус қала аралық бағытқа шығады. Демек, талапты сақтамайтын тұрақтардан 1200-ге жуық жолаушы сапар шегіп, өмірін қатерге тігеді. Сондықтан бірінші кезекте автовокзалдардың жұмысын жүйелі жолға қою керек дейді жиналғандар.

Еліміздің 5 аймағынан жиналған мамандар пікірлесе келе, талапты тек тәртіптің күмен ғана орнатуға болатынын айтады. Жыл басынан жолаушылар тасымалдау барысында құзырлы қызметкерлер 1612 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 9,5 млн. теңгеге жуық айыппұл өндірген. Егер қадағалауды бұдан да қатаңдатып, талап пен тәртіпті күшейтсек, жүгенсіз кеткен тасымалдаушылар тәубесіне келіп қалар деген пікірде тарқасты.