Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өз ардагерлерін ардақтады

353

Мереке қарсаңында ОҚ облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері мен Ардагер қоғамдық ұйымының төрағасы да салада көп жылдар еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мейрамымен құттықтады. Корчи Расулов тергеу-оқшаулау орнында 30 жылдай еңбек еткен. Тыл ардагерінің өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге. 85 жастағы ақсақал 6 баласынан 17 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Соңғы жылдары денсаулығы сыр бере бастаса да қария мойымайды, қоғам өміріне белсене қатысуда.

Корчи РАСУЛОВ, тыл еңбеккері: «Қиын қыстау кезеңдерді бастан өткердік. Жұрттың тыныштығы үшін  сапта болдық. Қазіргі ұрпақ бейбіт өмірді бағалай білуі тиіс».

ҰОС және еңбек ардагері Леонид Савин ауырып жүрсе де, бұл күні салтанатты киімін киіпті. Кеудесі медаль мен ордендерге толған. Леонид Петрович қан майданға аттанғанда 18 жасар бозбала еді. Жас та болса, атқыштар батальонының сапында мергендігімен көзге түскен сарбаз Белорусь, Орталық майдандарындағы ерлігі үшін медальдарымен марапатталған. Жақында қарт жауынгер мәскеулік майдангер жолдастарынан құттықтау хат алды. Өз қуанышын Леонид Петрович әнмен жеткізді.

Леонид Савин, ҰОС ардагері: «Қанды шайқастар қазірде түсіме кіреді. Ерлікпен қаза болған қаруластарымды жиі еске аламын. Тірі қалған достарыммен хат алысып тұрамыз. Жұбайым Раиса Федоровнамен 65 жыл бірге баянды өмір сүріппіз».

ОҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Жеңіс күнімен соғыс ардагерлері Жалғасбай Жоламанов пен Попова Ольга Семеновнаны да құттықтайды. Салада көп жылдар еңбек еткен, Берлинге дейін жеткен атқыш, барлаушы Наби Умаров биыл ақпан айында, 91 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Жеңістің 67-ші көктемін қарсы алу жазбады батыр ағаға.