Мақтааралда мәдени мұраларға тиісті көңіл бөлінбей отыр. Ділдәбеков атындағы ауылдық округтегі құрдымға кетудің алдында тұрған мұражай осыған дәлел. Жәдігерлер сақталған мәдениет сарайының да жағдайы мәз емес. 1970-жылдардың орта шенінде ҰОС ардагері, Еңбек Ері Шаблан Ділдәбековтің өзі іргетасын қалаған нысанның кейпі көрер көзге ұят. Жоғалудың алдында тұрған жәдігерлер мен қирауға шақ мұражайдың жағдайын көріп қайтттық.

Дәл осы мұражайда Еңбек Ерінің өнегелі өміріндегі тарихи деректерден бөлек, 18-ғасырдан қалған жәдігерлер де сақталған болатын. Одақ кезінде бұл нысан оқ бойы озық тұрған. Бірақ қазір бұл ғимараттан да, жәдігерлерден де түк қалмай барады деп дабыл қағады үзеңгілестері.

Бір таң қаларлығы, тарихи дүниелер сақталған мұражайды күндіз ешкім күзетпейді екен. Содан болса керек, құнды жәдігерлердің көбі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Мұны мұражай күзетшісінің өзі айтып қалды.

Мәдени мұраны сақтау және ерекше қорғауға келгенде, Мақтаарал ауданының әкімі мұрнын шүйіре қарайтынын байқатты. Өйткені 25 жыл бойы жаңарту жұмысын көрмеген жәдігерлер сақталған орынды күрделі жөндеуден өткізудің өзі мұң болып тұр. Көптеген өңірлер мұндай нысандарды ашуға қол жеткізе алмай отырған кезде Серік Тұрбеков мырза мұражай былай тұрсын, тіпті мәдениет сарайының өзі әкімдіктің меншігінде емес деп құтылды. Бірақ ресми түсінік беруден бас тартты. Есесіне, әкімдік өкілдері аудан басшысы үшін уәде беріп бақты.

Сөйтіп, мәдени мұраға қырын қарап жүрген Мақтааралдық шенеуніктер мәселені шешеміз деп шегелеп қойды. Уәденің орындаларын уақыт көрсетеді. Ал ардагерлер жағы атпал азаматтың мұражайын реттету үшін Астанаға барудан да тайынбаймыз деп отыр.