Ұлттық спорттың төресі қазақ күресін олимпиада бағдарламасына ендіру ел спортындағы өзекті мәселенің бірі. Әйгілі Қажымұқан бабамыздың сүйегі жатқан өңірде осы спорт түрінің насихатталуы қай деңгейде? Өткен жылы «Қазақстан барысы» бәсекесінде сүреңсіз белдескен балуандарымыздың биылғы додаға дайындығы қалай?
Рас, ұлттық күресіміз соңғы кездері қарқынды дамып келеді. Ауыл-аймақтарда сұлу күресімізге көп көңіл бөліне бастады. Қаражат жағынан да кенде емес. Бүгінде әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отырған сұлу күресіміздің халықаралық аренадағы беделі таңданарлық. Басты атап өтер жайт, ұлттық спортымыз таяуда ФИЛА-ның (Дүниежүзілік күрес түрлері қауымдастығы) құрамына әлемдегі ұлттық күрестердің ішінен төртінші болып енді.
Осы спорт түрін жандандыруға білек сыбана кіріскен бірден-бір азамат Серік Төкеев былай дейді. «Қазақ күресі дүние жүзіндегі ең сұлу күрестің бірі. Оның өзіне тән ерекшеліктері бар. Өзбектер өздерінің «курештерін» ФИЛА-ға кіргізе алмады. Өйткені олардың өзіндік киім үлгілері жоқ. Олар белдескенде жапондардың дзюдо күресінің кимоносын киіп шығады. Ал, қазақтарда өздерінің күртешесі, бұрынғы батырлардың сауыттарына ұқсайтын киімдері бар».
Қазақ күресінен күні бүгінге дейін бес рет Азия, бір рет Еуропа және үш рет әлем біріншіліктері өткізілді. Мәселен, 2006 жылы Алматыда өткен тұңғыш Әлем чемпионатына 43 мемлекеттен 130 балуан, 2008 жылы Ресейдің Орск қаласында өткен екінші әлемдік сайысқа 26 мемлекеттен 200-ден астам балуан қатысты. Олимпиадалық ойындар қатарына ену үшін алдымен 100-ден аса ел қатысатын әлем чемпионатын өткізуіміз керек екен.
2010 жылы Астанада ұйымдастырылған үшінші әлем чемпионатын өз көзіммен көру үшін ерке Есілдің сол жағалауындағы «Дәулет» ұлттық спорт кешеніне беттедім. Жарысты тамашалауға ФИЛА президенті Рафаэль Мартинетти, Олимпиаданың — 3, әлемнің 7 дүркін чемпионы Александр Медведь Астанаға арнайы келіпті. Сондағы куә болғаным, 30-дан аса ұлт өкілдері қазақ күресінің шаңын қақты. Жанын салып, барын салып белдесті. Осы сында Оңтүстіктің балуаны Нұрзат Бекасылов ерекше көзге түсіп, қола жүлдені мойнына іліп еді. Сайысты басынан аяғына дейін тамашалаған Рафаэль Мартинетти үшінші әлемдік бәсекеге жоғары бағасын берді.
«ФИЛА-ның құрамында 172 мемлекеттің федерациялары бар. Сіздер қазақ күресін дамытуға кіріскен соң әлемдік чемпионатты өз көзіммен көрейін деп Астанаға арнайы келдім. Күрес түрлерін қолдағандарыңыз үшін рахмет! Швейцарияда ұлттық күрестен бас жүлдені жеңіп алған балуан «Күрес королі» деген атақ алады. Қазақ күресінің мемлекет тарапынан қолдау тауып, халықаралық аренаға шыққанына ризамын»,-деді құрметті қонақ.
Ұлттық күрестің батырларын анықтау үшін өткен жылы ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирі республикадағы елеулі оқиға болды. Жүлде қоры да қомақты. Өкінішке қарай, қазақ барысы атануға үмітті Оңтүстік балуандарының бәрі орта жолда шаң қауып қалғанын несіне жасырамыз. Үкілеп қосқан Нұрзат Бекасылов, Бақыт Көлбай сынды білекті балуандарымыздың бабы келіспеді ме, әлде бағы жанбады ма турнирден құралақан қайтты. Десек те, облыста ұлттық күресті жолға қою мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қадау-қадау тапсырмалар беріліп, қыруар жұмыс атқарылып жатқанын айтпай кетуге болмас.
Ұлттық күрестің бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуы да тәп-тәуір. Осы тұста жыл сайын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін өтіп жатқан дүбірлі жарысты атап өтуге тиіспіз. Осындай сайыстар арқылы ауыл-аймақта алысып жүрген дарындарды іріктеп, дүбірлі додаларға қосуға мүмкіндік туатыны анық. Аталған сайыс биыл да жалғасын тауып, Қазығұрттың бөктерінде дүркіреп өтті. Бұла еті білеуленген балуандардың қатары молайған.
Жанкүйерлердің делебесін қоздыратын түйе палуандар сайысында темірландық Бақыт Көлбай ешкімге дес берген жоқ. Бақыт балуан осылайша биыл жалауын көтеретін «Қазақстан барысы» сайысына қатысуға мүмкіндік алды. Ендеше Оңтүстік жұртшылығы Бақыттың жолына үмітпен қарайды. Біздің тілейтініміз, қазақ күресінің жанашыры Серік Төкеев мырзаның ұлттық спортты әлемдік деңгейге көтеріп, олимпиада бағдарламасына енгізсек деген мақсат-мүддесі барша отандастарымыздың көкейінде тұруы тиіс.
Әлібек НҰРТАЕВ, ОҚО туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары: «Қазақ күресінің облысымыздағы даму деңгейіне жоғары баға беремін. Әлем чемпионаты, азиялық деңгейлердегі жарыстарда спортшыларымыз құрқол қайтып жүрген жоқ. Қазақстан чемпионатында да жасөспірім, ересек балуандарымыз жүлделі орындардан көрінуде. Рас, өткен жылы «Қазақстан барысы» турнирінде балуандарымыз сәтсіздікке ұшырады. Оған себеп, спортшыларымыз аз ғана уақыт дайындалды. Енді биылғы жарысқа іріктеуден іркілмей өткен тәжірибелі спортшыларды жібереміз».
Нұрзат БЕКАСЫЛОВ, қазақ күресінен әлем чемпионы: «Биылғы «Қазақ барысы» турниріне дайындықты бастап кеттім. Оған дейін бірқатар жарыстарда әлеуетімді байқап көремін. Рас, өткен жылғы сәтсіздігім үлкен сабақ болды. Әлі де дайындықты пысықтау керек. Қазақтың барысы атануға екінші рет мүмкіндік беріліп отыр. Енді қалай болғанда да жүлдеге қол созуға бар күшімді сарқимын. Әрине, бас жүлде оңайлықпен келмесі белгілі».