Сайрам ауданына қарасты «Достық» (№102) мектебінің мұғалімдері кешегі аптадан бері ашуға мінгендей. Редакциямызға бірнеше рет хабарласқөан олар «бізге көмектесіңіздерші, бұлай жалғаса беруі мүмкін емес қой» деп шағынады. Редакциямызға өтініш жазып, мән-жайды жазбаша түсіндіріңіздер деген өтінішімізге, «Қорқамыз, ертең қуғындауға түссек қайтеміз…» дейді мұнайып.
Мәселе былай, аталмыш мектепте жөндеу жұмыстары үшін деп мұағалімдерден 5 мың, «завучтардан» 10 мың теңгеден жинап жатқанға ұқсайды. Бұл аудандық білім бөлімінің арнайы тапсырмасы білем.
«Онсыз да жалақымызды қайда жеткізерімізді білмейміз. Комиссия келсе де мұғалімдердің айлығынан жинап береді ақшаны. тіпті соңғы кездері «Қыран-пресс» деген басылымды мұғалімдерге зорлықпен жаздыртуда. Айтсақ, үндемеңдер, «қарсы шықсаңдар, газетке жамандап жазамын» деді дейді директор. Оның үстіне бұл да аудандық білім бөлімінен келген арнайы тапсырма екен… Бұлайша қашанға дейін шыдауға болады? «Отырар» телеарнасы шындықты айтып, ақиқатты көрсетеді деген сеніммен айтып отырмыз» дейді телефон тұтқасындағы мұғалима.
Әрине, телефон арқылы айтып арызын, мұң шағып отырған мұғалімдер қауымына көмектескіміз-ақ келеді, бірақ, бұл фактіні тексеру үшін жазбаша түрдегі шағым керектігін алға тартамыз.
Ал сіз қалай ойлайсыз, сайт оқырмандары, мұндай жағдай мектептерде болуы мүмкін бе? Билік өкілдері, жергілікті әкімдіктегілер «ремонтқа» ешқандай ақша жиналмайды» деп жатқан жоқ па?