Қатпары қалың Оңтүстік боксын әлемге паш еткен Мұхтархан мен Бекзаттың олимп ойындарындағы жеңісті жолын жалғастыру міндеті енді жалғыз Біржан Жақыповқа жүктеліп отыр. Бұл жүктің салмағы тым ауыр. Бейжің ойындарында жүлдеге сынық сүйем қалғанда жеңіліске ұшыраған Жақыпов Лондон ойындарына да әупірімдеп жүріп әрең ілінді. Не десек те, Оңтүстік жұртшылығы жалғыз Біржаннан үміт күтіп отыр. Сенген серкеміздің Лондонға дайындығы қалай? Үкілеген үмітті ақтауға қауқары жете ме?
Қазақ боксында осыдан 7-8 жыл бұрын «шыбын» салмақта ел намысын қорғайтын боксшы мүлдем жоқ — тұғын. Тек 2004 жылғы Афина олимпиадасынан кейін оңтүстікқазақстандық Біржан Жақыповтың есімі дүркірей бастады. Жерлесіміз көп ұзамай әлем біріншілігі мен Азиялық деңгейдегі жарыстарда бақ сынады. Ол халықаралық турнирлердің ең алғаш дәмін татқанында-ақ бірден жарқ етіп көзге түсті. Көптен бері есеміз кетіп жүрген ең жеңіл салмақта саңлақ спортшымыз 2005 жылы Қытайдың Минянг қаласында өткен Әлем біріншілігінде қола жүлдені сыйға тартып еді. Сол кезден бері түрлі халықаралық ареналарда атой салды. Алайда, әлемдік сайыстарда қолы жүлдеге бір созым қалғанда үнемі қысық көзді көршінің әккі ұлы Цзоу Шиминь біздің ұланның жолын кесе берді.
2007 жылы Чикагода ұйымдастырылған Әлем чемпионатында бас бапкер Дәмір Буданбеков Біржанға сенім артты. Бірақ та ханзу қазақтың өр жүрек ұлының жолына тосқауыл болды. Алайда Біржан бұған мойыған жоқ. Олимпиадаға жолдама беретін Тайланд Королі турнирінде бас жүлдені иемденіп, кеткен есені Бейжің Олимпиадасында қайтаруға бекінді. Біржанның бар ойы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Әлем чемпионынан қайткен күнде де есе қайтару болатын. Амал нешік, соқыр жеребе Олимпиаданың ширек финалында екеуін тағы жолықтырды. Әрине, ғаламдық ойындар өз үйінде өтіп жатқанда қандай жолмен болса да жеңісті жергілікті спортшыға бұра тартатыны айдан анық емес пе? Жақыпов оған дейін венгр Пол Бедак пен армян Ованес Данелянды жолдан ығыстырған еді. Өкініштісі, шешуші сәтте ханзудың қармағына түсіп қалып, әділқазылардың құрбанына айналып кете барды. Сөйтіп, қашып жүріп соққы жасайтын қытайды төрешілер әупірімдеп жүріп, ширек финалдан аман-есен алып өткізді.
Біздің ұл қолда тұрған Олимпиада жүлдемесін қағып түсірген жуңғоға одан бетер шүйліге түсті. Шүйлігетіндей жөні бар еді. Әлем біріншілігі мен Олимпиада ойындарынан тек соның асуынан өте алмай, жүлдеден қағылуы Жақыповқа оңай тимесе керек. Алайда Біржанның Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы моңғол Сердамба Пуревдоржды аяусыз сабап, бұрыштан бұрышқа тыққанына әлем жанкүйерлері куә.
Неге екені белгісіз, әйтеуір қытайлыққа келгенде аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалатынына көпшілік аң-таң. Мәселен, 2010 жылы Гуанжоуда байрағы түрілген Жазғы Азия ойындарының алғашқы айналымында тап сол моңғол боксшысын айқын басымдылықпен жеңгені көпшіліктің көкейінде болса керек. Сонда біздің өреннің финалға дейін барлық қарсыластарын қоғадай жапырып өткенін көз көрген. Ал финалда сол баяғы қысық көзді көршімен қырқысуға тура келіп, күллі қазақ жанкүйерлерінің көкейінде Шиминьді өз жерлестері алдында масқара болып ұтылғанын көрсек деген ой болғаны жасырын емес. Қытайлардың да есебі түгел емес пе, қазақ баласының қарша бораған соққыларын есептеуге батырманың істен шығып, біздің жігіттің жеңіске деген жігерін тағы да құм қылғанына куә болдық. Бұл сында жерлесіміз сәл ғана ұпай айырмасымен ұтылды. Өз отанында өтіп жатқандықтан қытайлар бар білгенін істеді. Дегенмен, спортшымыздың деңгейі әжептәуір өскенін сол бәсекеде байқадық. Бірде ол қытай боксшысының қауқары туралы ой бөлісті. Сөзге сараң, томаға тұйық былғары қолғап шебері бар ойын бүкпесіз жайып салды.
«Әрине, үлкен спортта жүргендіктен әр түрлі әңгімелердің айтылары анық. Егер сын шын болса дұрыс қабылдаймын. Мықтының мықтылығын мойындау керек. Зоу Шиминь – бүгінгі таңдағы әлемнің ең үздік боксшысы. Өз отанында өткен Олимпиада ойындарының чемпионы. Әлемнің екі дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, Азия чемпионаты мен Азия ойындарында бірнеше рет бас жүлдеге иелік етті. Кез-келген спортшының мұндай ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жете алмасы белгілі. Оның үстіне қазіргі АИБА президенті қытайлық маман Ву мырзаның да өз жерлестеріне сәл де болсын, ықпалы тиіп жатқаны анық»,- дейді.
Расында да соңғы 6 жылдан бері Шиминнің осал тұсын табатын боксшы табылмағаны таңқаларлық.
Хош, екі жылдан бері түрлі жарыстарда ысылып, толық өз бабына келген ұланымыздың Бакуде өткен әлем біріншілігінде жолы болмағанымен, Астанадағы біліктілік турнирінде оза шапты. Яғни, гүрзі жұдырықты жігітіміз Лондонда өтетін жазғы олимпиада ойындарына жолдама алды. Білесіздер, бұл сында жерлесімізге Пәкістан, Өзбекстан, Жапонияның алымды ұлдары еш қарсылық көрсете алған жоқ.
«Бар мақсатым — әлем біріншілігі мен олимпиада ойындарында жіберген қателігімді түзетсем деймін. Әсіресе, қытай Цзоу Шиминьнің алдымда дәрменсіз күйін көргім келіп жүр. Оған көп есем кетті. Лондон олимпиадасы – менің спорттық ғұмырымдағы соңғы ғаламдық ойындар болуы мүмкін. Сондықтан да олимпиадада бар күшімді саламын»,- дейді Оңтүстіктің өрені.
Жуырда ұлттық құраманың бас бапкері, Біржанның жеке жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановпен жолығып, шәкіртінің бүгінгі әлеуетін сұрастырған едік. Жеке ұстазы: «Біржан қазір нағыз бабында. Астанадағы айқастары көңілімнен шықты. Әлі де болса тер төгуі керек. Лондон шаршы алаңы қателікті кешірмесі белгілі. Тек бағы жанса, жүлдеге ілінуге қауқары жетеді»,- деді . Біз қалай болғанда да төккен тер текке кетпесін деп тілейміз! Жолың болсын, Біржан!